Қазақстандық аграршылар Үкіметтен араша сұрады

5602

Ресейлік бәсекелестерінің экономикалық басқыншылығы кесірінен олар дәрменсіз жағдайға жетуі мүмкін екен. Қазақстандық астықшылар қазірдің өзінде жарты триллиондай теңге шығынға отырды.

Қазақстандық аграршылар Үкіметтен араша сұрады

Санкциялар салдарынан РФ порттары дағдарып, солтүстік көрші өз астығын теңіз арқылы тасуда қинала бастады. Табиғат заңдылығы бойынша егер телегей-теңіз дарияның алдынан тосқауыл тұрса, оның арқыраған арыны басқа жол табуы мүмкін. Сол сияқты енді ресейлік астық жаһандық нарыққа Қазақстан арқылы тасқындай жөнелді.

Егер еліміз арқылы транзит өссе, одан табыс тапсақ, мұның несі жаман?

Сарапшылардың айтуынша, ресейлік астық арзан болғандықтан, қазақстандық қу экспорттаушылар оны іргеде сатып алып, әлемдік нарыққа Қазақстанның астығы есебінде сатуға көшіпті.

Соның кесірінен нағыз қазақ астығы сұраныстан да қағылып, тасымалдан да тыс қала бастады. Яғни Ресей нарығын өз жеріміз арқылы әлемдік нарыққа шығарудан тек алыпсатарлар ұтады. Олар көршіден арзан астық алып бір ұтса, оны экспортқа шығарып, қосылған құн салығы және экспортты мемлекеттік қолдау түрінде бюджеттен миллиардтаған қаражат алып, екі ұтады, екі жеп биге шығады.

Ал мұндай алаяқтықтан қазақстандық астықшылар да, Қазақстан қазынасы да ұтылады.

Сондықтан Қазақстанның астық одағы, Қазақстанның астық өңдеушілер одағы, Қазақстанның май-тоңмай одағы сияқты бірқатар салалық қауымдастықтар Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа хат жазды. Олар астықты – бидайды, жүгеріні, арпаны, сондай-ақ ұн мен күнбағыс пістесін Ресейден Қазақстанға автомобиль көлігімен әкелуге тыйым салуды сұрады.

Себебі реэкспорт дәл осы жолмен жүреді. Ал теміржол көлігімен негізінен ресейлік нағыз транзит жүзеге асырылады.

Арыз иелері бұл тосқауылды тезірек қоюды өтінді. Ең кеш дегенде биылғы 1 қыркүйекке дейін енгізіп үлгеруге тиіс, әйтпесе Қазақстанда жаңа астық жаппай орыла бастағанда, проблема үлкен ауқым алуы ықтимал.

Бұл тыйымның қажеттілігін қауымдастықтар Ресейден астықты және басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын жаппай тасудың "сұр" схемаларының белең алуымен дәйектеді.

Олардың мәліметінше, контрабандистер алып фуралармен, тіркемелері бар ірі жүк көліктерімен жалпы көлемі бірнеше миллион тоннаға жететін РФ астығын елге әкеліп, нарықтан отандық астықшыларды ығыстырып шығаруда. Себебі олардан айырмашылығы сол, қазақстандық егіншілер қосылған құн салығын төлейді. Бұл астықтың өзіндік құнын қымбаттатады.

Қынжылтатыны сол, Ресейден арзан астықтың ағылуы қазақстандық дүкен сөрелерінде ұн мен нанның арзандауына ықпал етпеді. Ол астық негізінен артынша шетелге шығарылатын көрінеді. Салдарынан, қазақстандық астықтың экспорттық бағасын құлдыратты.

"Автомобиль көлігімен жүзеге асырылып жатқан ресейлік заңсыз астық импорты, сондай-ақ оның ізінше Қазақстан атынан экспортқа шығарылуы экспорттық бағалардың негізсіз төмендеуіне соқтырды. Салдарынан адал кәсіпкерлеріміз кем дегенде 202 миллиард теңге немесе 400 миллион доллар шығын шекті. Осыған байланысты елдің бюджеті де қомақты салықтан айырылды", – делінген Премьерге жолданған хатта.

Ресейден бидай контрабандасының көлемі 1,2 млн тоннаға бағаланды. Ал басқа ауыл шаруашылығы дақылдарының контрабандасы 2 млн тонна немесе 300 миллиард теңге болды деп шамаланды.

Дегенмен ұсақ және орта трейдерлердің пікірі өзгеше. Олар Ресейдің арзан астығы ұн тартушыларға жақсы дегенді айтады. Соның арқасында әлеуметтік өнім өндіруге болады. Ал қазақстандық астықшылар өз өнімін тым қымбатқа ұсынады.

Жалпы көрші алпауытқа қарсы төл санкциясын енгізіп, оның астық тасымалына тыйым салуға Смайылов Үкіметінің жүрегі дауаламауы ықтимал. Мысалы, ол осының алдында отандық тасымалдаушыларды қорғауда табанды бола алмады. Алдымен Ресей мен Беларусь тасымалдаушыларының еуропалық елдердің жүгін шекарада тиеп-ауыстыру схемасымен Қазақстанға және басқа елдерге заңсыз тасымалдауына шектеу қойды. Соңынан Мәскеудің қысымына шыдамай, ол тыйымын жоя салды.

Қалай болғанда, қазақстандық экспорттық астық жылдам қарқынмен арзандап барады. Мысалы, Eldala порталының дерегінше, Еуразиялық сауда жүйесі (ETS) биржасында отандық 3 сыныптағы бидай экспорттаушылар 10 мың тонна астығын 3 рет саудаға шығарса да, өткізе алмады. Өйткені нарық ойыншылары оның тағы да арзандайтынын күтіп отыр. Лоттың құны алдымен әр тоннасы үшін 168 мың теңге тұрды, содан соң 166-ға төмендеді. Алайда сатып алушылар 158 мың теңгеден артық төлегісі келмеген. Салыстыру үшін айтсақ, биылғы 8 шілдеде ғана дәл осы отандық ETS биржасында 3 сыныптағы бидайдың әр тоннасы 170 мың теңгеден сатылған.

Сарапшылар егер рубль бағамы 6 теңгеге дейін төмендесе, қазақстандық бидай құны 100-110 мың теңгеге дейін құлдырауы ықтимал деп отыр. Ал егер 1 рубль = 9 теңге бағамы жыл соңына қарай сақталса, онда қазақстандық жаңа астықтық әр тоннасының құны 120-140 мың теңге тұруы мүмкін.

Себебі Ресей астығының 1 тоннасы 14 мың рублге сатылады, бұл қазіргі бағамда 120 мың теңгеге тең.

Өзі астық егетін Қазақстан 2021 жылы Ресейден 3,5 миллион тоннаға дейін астық сатып алды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу