Қазақстан астығы Вьетнамды бетке алды

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
2799

Қырық футтық 50 контейнерге тиелген астық еліміздің Ақмола өңірінде орналасқан Жалтыр станциясынан Вьетнамның Хошимин портына жөнелтілді.

Қазақстан астығы Вьетнамды бетке алды

Контейнерлік пойызды теміржолдың "KTZ Express" акционерлік қоғамы ұйымдастырып отыр. Қазақстанның солтүстік өңірдегі көлік дәлізімен жүріп өтетін 1350 тонналық жүк еліміздің оңтүстік-шығыстағы Жоңғар қақпасының етегіндегі қытаймен шекаралас Достық станциясы арқылы қытайдың Ляньюньган портына жетіп, әрмен қарай Оңтүстік–Шығыс Азияға бағытталмақ.
"Аграрлық сала өнімдерін тасымалдау – біз үшін аса маңызды мәселе. Бұл біздің Жалтыр станциясынан жіберіп отырған үшінші контейнерлік пойызымыз. Вьетнамдық тұтынушыларға алғашқы қазақстандық астық былтыр Жалтыр станциясынан қаңтар айының соңында аттанды. Ол кезде біз 32 контейнермен 700 тонна отандық астық жөнелткенбіз" дейді Жалтыр станциясының бастығы Сәкен Жүнісов.

Елбасы өз жолдауларында, "Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі. Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет" деп атап өтіп, осы бағытта ел үкіметіне бірқатар тапсырмалар берген еді. Мемлекет басшысының бұған дейін де көліктік-логистикалық дәліздер мен инфрақұрылымдарды дамыту бағытындағы тапсырмалары ел темір жол компаниясы тарапынан жүйелі жүзеге асырылып келеді. Соның бірі, Шығыс-Батыс дәлізі. Осы дәлізді дамыту мақсатында 2014 жылы Қытайдың Ляньюньган портында қазақстандық-қытайлық логистикалық терминал ашылған болатын, мұндай ынтымақтастық Қазақстанға Оңтүстік-шығыс Азия елдерімен қатар Қытайдың шығыстағы нарықтарына логистикалық жағынан шығуына мүмкіндік беріп отыр. Өйткені, Ляньюньган теңіз порты Қытайдағы теміржол бағдарымен тікелей байланысқан әлемдегі ірі порттардың бірінен саналады.

"Қазіргі таңда Вьетнамға астық жіберу барынша қарқынды ұйымдастырылып отыр. Тасымалдау үдерісіне қатысушы – теміржол әкімшілігі, жүк жөнелтушілер, жергілікті басқарма басшылықтары, кеден, ветеринарлық, фитосанитарлық бақылау органдарының бірлескен іс-шараларының арқасында көлік-логистикалық қызмет сапасы да көтерілуде. Мәселен, астық тиелген пойыз 72 сағатта Достық станциясына келіп тоқтайды", – дейді жүк тасымалын ұйымдастырушы Ақмола бөлімшесінің директоры Нұрым Жаниязов.

Сенімді дерек көздеріне сүйенсек, негізінен, астық және ұн өнімдері ТМД, Кавказ, Балтық жағалауы, Қытай, Иран, Ауғанстан бағдарына жіберілуде екен. Айталық, былтыр тиелген 8,9 млн тонна астықтың 5,8 млн тоннасы экспортқа шығарылған. Қазақстан темір жолының еншілес ұйымы "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ президенті Оралхан Құлақов, қазақстандық астық пен ұнды өткізу нарығының дәстүрлі географиясы сақталып қалғанын, ол әдеттегідей, Орта Азия елдері екенін айтып отыр. Былтыр Өзбекстанға – 2 млн, Тәжікстанға 1 млн астық пен ұн жөнелтілсе, Ауғанстан мен Иран елдерінің әрқайсысына тиелген астық көлемі 2 млн тоннадан асып жығылған. Енді олардың қатарына Вьетнам мемлекеті де қосылып отыр. Тағы бір атап өтерлігі, сырт елдер тарапынан қазақстандық астықққа сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Мұның себебін мамандар отандық астық сапасының жоғарылығымен түсіндіріп отыр.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу