Қазақстандық аудиторлар тобы дабыл қағып, суыт мәлімдеме жасады

2462

Ал депутаттар отандық аудиторлардың өзіне қауіп төніп тұрғанын айтты.

Қазақстандық аудиторлар тобы дабыл қағып, суыт мәлімдеме жасады Фото: canva.com

Билік елімізде көптеген ірі жобаларды – республикалық маңызды жолдардан бастап, энергетикалық нысандар мен түрлі секторлардағы кәсіпорындарды халықаралық қаржы ұйымдарынан алған қарыз ақшаға жүзеге асыруда.

Барлық шетелдік институттар несие бергенде, жоба шығысына халықаралық консультанттарға арналған шығындар бабын міндетті түрде қосады. Олар берілген қарыздың нысаналы мақсатына жұмсалуын, жобаның орындалу барысын қадағалайды, оны жүзеге асырудың жөн-жосығын көрсетеді.

Бұл ретте жатжұрттық кеңесшілер шығыны жүздеген мыңнан бірнеше миллион долларға дейін барады. Мұның бәрі қазіргі және болашақ қазақстандықтардың қалтасынан өтеледі, солардың мойнына артылады. Оның үстіне бұл салаға отандық аудиторлар жіберіле бермейді. Олар осыдан өздерін кемсітілген санайды.

Аудиторлар Қазақстан Үкіметінің шетелдік консультанттар мен аудиторлардың пікіріне шектен тыс тәуелді болып қалуына, олардың ұстанымын сындарлы қарамай, ақыл таразысына салмай, ақиқаттай қабылдайтынына алаңдаулы.

"Дүниежүзілік банктің, "Үлкен төрттіктің", McKinsey және басқа халықаралық ұйымдардың қызметі қазақстандық тәуелсіз консультанттарды, аудиторлар мен бухгалтерлерді жоюға бағытталған. "Сырт көз сыншының", шетелдіктердің пікіріне шамадан тыс тәуелділік мемлекеттік басқаруға қауіп: оның сапасына теріс ықпал етеді. Шындап келгенде, бүгінде талдау және шешім қабылдау бойынша мемлекеттік функциялар шетелдік ұйымдарға беріп қойылған. Бұл мемқызметтің жаппай деградациялануына соқтырды", – деді Аудиторлар алқасының басқарма төрағасының орынбасары Данияр Нұрсейітов.

Ол былтыр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тұрған тұста Тамара Дүйсенова ұсыныс сұрап, Дүниежүзілік банкке жүгінгенін еске салды. Министрді ХХІ ғасырдан бері дүниеге келген азаматтарымыздың еңбек нарығын толтыра бастауы мазалапты. Жүздеген мың жасқа биліктің тауып берер жұмысы жоқ. Содан қанды қаңтардың басты қозғаушы күші де негізінен жастар болды.

Аудиторлардың мәліметінше, Т.Дүйсенова жас қазақстандықтарға қатысты не істеуге болатыны жөнінде ДБ мамандарымен ақылдасыпты. Өйткені олар оқу орнын бітіріп, қолақпандай дипломымен нарыққа шығып жатыр. Алайда Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев, Асхат Аймағамбетовтерден қалған білім жүйесінің сапасыздығы кесірінен түлектердің жеткілікті кәсіби машығы, біліктілігі жоқ. Соның кесірінен олардың жұмыс берушілерге де қажеті жоқ.

Отандық аудиторлар Батыста отыратын, тиісінше қазақстандық ұрпақтың менталитеті мен мұқтаждығынан бейхабар шетелдік кеңесшілердің орынды, тиімді, пайдалы ақыл-кеңес бере алатынына сенбейді.

"Мемлекеттік аппарат осы арқылы дәрменсіздігін, шарасыздығын және халықаралық консультанттармен сыбайластығын паш етіп алды. Себебі, дәл сол Дүниежүзілік банк 2000-шы жылдардың ортасында қазақстандық білім беру жүйесін "білімді коммерциаландыру" қағидатымен қайта құрып шығуды ұсынған. Білім берудегі реформалар халықаралық ұйымдардың рекомендациялары бойынша жүргізілді. Салдарынан бүгінде Қазақстан оқушыларының білімі төмен елдердің қатарына қосылды. Бұл жағдай шенеуніктердің дербес шешім қабылдай алмайтындығын, инфантилділігін көрсетеді", – деді аудитор Данияр Нұрсейітов.

Ол Үкіметке шетелдік экспертсымақтардың ықпалы жүретінінің бір дәлелі ретінде бірінші Президент кезінде қабылданған "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын атады. Себебі, оның 11-қадамында: "Шетелдік менеджерлерді, жекеменшік сектордың жекелеген мамандарын, халықаралық ұйымдардың қызметкерлері болып табылатын Қазақстан азаматтарын мемлекеттік қызметке жіберу" деген міндет бекітілді. Ұлт жоспарында оларды тағайындау "ерекше талаптар және лауазымдардың жеке кестесі бойынша жүзеге асырылатыны" көрсетілген.

Қазіргі кезде Президенттің тапсырмасымен, Салық кодексіне түзетулер енгізілуде. Аудиторлық қызмет және қаржылық есептілік ҒЗИ сарапшысы Фарида Есімбай бизнеске салықты көтерудің негіздемесі ретінде Ұлттық экономика министрлігінің салықтық жүктемесі зор елдерді ғана алғанына назар аудартты.

"Айталық, қосылған құн салығын арттырудың негіздемесі есебінде Еуразиялық одақ елдерінің, Дания, Норвегия, Франция, Германияның тәжірибесі келтірілген. Алайда неге мәселен, Сингапурдың үлгісін ескермейді: онда ҚҚС ставкасы 8 пайыз ғана. Немесе Оңтүстік Кореяда – 10%, БАӘ мен Канадада – 5%, Катар мен Гонконгта – 0%. Неге оларды өнеге етпейді? Өйткені Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы үш жыл бұрын ҚҚС пен жеке табыс салығын көтеруге ұсыныс берді. Бұл рекомендацияны төл ұлттық мүддені ескерусіз қабылдау арқылы шенеуніктер Қазақстанның ішкі саясатына сыртқы күштердің қол сұғуына жол береді", – деген пікір білдірді Фарида Есімбай.

Ол шетелдіктерді Қазақстанның стратегиялық объектілеріне кіргізуді қолдамады.

"Биылғы жылы KPMG аудиторлық-консультациялық фирмасының, Үндістанның сарапшылары еліміздің барлық электрстанцияларын аралап шықты. Стратегиялық нысандарға еніп, техникалық аудит жүргізуге оларды Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев шақырды. KPMG аудитін Үкімет әлдебір жетістік ретінде ұсынды. Бірақ шынында бұл ұлттық қауіпсіздігімізге селқос қараудың нышаны болса керек", – деп санайды Е.Есімбай.

Дегенмен, сарапшылар да, депутаттар де енді аудиторлардың өздеріне бір тықыр таянғанын қаперге салды.

"Шетелдік консультанттармен жұмыстың қорытындысында кәсіби кеңес құрылды. Салдарынан, аудиторлық қызметтер үшін ақы кәсіби ұйымдарға немесе мемлекетке емес, кәсіби кеңес қатысушыларының қалтасына құйылады. Қазірден аудиторлық нарығымызда бәсекелестік құлдырады. Салдарынан, Үкімет қазақстандық нарыққа ресейлік аудиторларды жіберу мәселесін қарастырып жатыр", – деп қапаланды "Аудиторлар алқасы" басқарма төрағасы Владимир Мурашов.

Сорақысы сол, билік бұл мәселені жай қарастырып жатқан жоқ, осы бағытта нақты, практикалық қадамдарға кірісті. Оны жаңа Парламент белсенді қолдап, қолпаштауда.

Осы аптада Мәжіліс "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісімді" ратификациялады. Алда оған Сенат келісімін берген соң құжат Презиеденттің қол қоюына ұсынылады.

Мәжіліс депутаттары бұл құжат салдарынан ресейлік аудиторлар қазақстандық нарықты жайлап, отандық әріптестерін жайпап кететініне қауіп білдірді. Бірақ Мәскеу тықпалаған, 2022 жылдың 19 сәуірінде Мәскеу қаласында қол қойылған келісімді ың-шыңсыз қабылдай салды.

"Біз қазіргі әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес екенін түсінеміз. Алайда отандық бизнестің мүдделерін де ескеру қажет. Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес аудиторлық қызмет лицензияланатын қызмет саналады. Біліктілік куәлігі бар аудиторлардың саны 2 мың 400 ғана. Солардың ішінде аудиторлық қызметпен тек 1 мың 385-і ғана айналысады. Заң нормалары бойынша аудиторлық ұйымның құрамында кемінде екі аудитор болуға тиіс. Мына келісім аудиторлық ұйымның құрамында кемінде үш адамның болғанын көздеп отыр. Салдарынан, құрамында негізінен екі аудиторы бар біздің аудиторлық ұйымдар Еуразиялық экономикалық одақ нарығына шыға алмайды деген сөз", – деді Мәжіліс депутаты Данабек Исабеков.

Бұл қауіпті Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев растады.

"Екі аудитордан аспаса, әрине, ішкі нарықта ғана жұмыс істеуіне ешқандай кедергі жоқ. Бірақ Еуразиялық одақта жұмыс істеу үшін үш немесе одан көп аудиторы болуы керек. Бізде 1 мың 385 аудитор және 455 аудиторлық компания бар, орта есеппен бір аудиторлық компанияға үш адамнан келеді. Әрине, өтпелі кезең болады, толығымен ортақ нарық жұмыс істеуіне дейін аудиторлардың санын көбейтуге толық мүмкіндік бар", – деп үміттенді салаға жауапты бас қаржыгер.

Үміттенген жақсы, алайда отандық нарықты ресейліктер жаулап алмауы үшін алдымен қазақстандық аудиторлардың бәсекеге қабілеттігін көтеріп алған жөн еді.

Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин "осы келісімді ратификациялау жекелеген бизнес субъектілерінің, мысалы, бізде жұмыс істейтін трансұлттық компаниялардың салықтан жалтару үшін ресейлік аудиторлардың қызметтерін әдейі пайдалануына әкеп соқтыруы" мүмкін деп алаңдады.

"Көрші Ресей мемлекетінде аудиторлық қызметпен аудиторлық ұйымдар және жеке аудиторлар айналысады, ал біздің заңнамаға сәйкес аудиторлық қызметпен тек аудиторлық ұйымдар айналысады және олар кәсіби ұйымдарға мүше болуы керек. Сол көрші мемлекеттің жеке аудиторлары біздің нарыққа келіп өз қызметтерін көрсетуіне тосқауыл қоюға қандай іс-әрекеттер болады? Өйткені олар көп. Көрші Ресейде 3 мың 300 аудиторлық компания бар, ал бізде 480 ғана. Оларда 17 мың аудитор бар, оның көпшілігі жеке аудиторлық қызмет көрсетеді, ал бізде бар-жоғы 500, ол жеке аудиторлар қызмет көрсете алмайды. Сондықтан біздің нарықты Ресейдің жеке аудиторлары жаулап алып кетпей ме?" – деп күмәнданады депутат Нұртай Сабильянов.

Егер Мәжіліс ұлттық мүдде тұрғысынан мәскеулік келісімді бекітуден бас тартса, ең құрығанда кейінге шегерсе, осы сөздердің бәріне қол соғуға болар ма еді? Бірақ Мәжіліс келісімді ратификациялаған соң не амал бар?

Қазақстан келесі жылы барар жер, табар табыс таппай, әлекейдей жаланып отырған ресейлік аудиторларға құшағын ашпақ.

Әрине, кінәнің бір ұшы – отандық аудиторлардың өзінде. Олар кәсіби біліктілігін арттыруға баса мән бере бермейді. Саланы жүйесіздік, хаос жайлағанына, халықаралық деңгейде мойындалатын сертификаттары бар аудиторларды елде табу қиын екеніне билік өкілдері, ұлттық компаниялардағылар шағымданады. Дамыған елдердің кеңесшілеріне тәуелділік осыдан туындаса керек.

Енді батыстың ақылшыларын ресейлік кеңесшісымақтар басса, ел оңбауы мүмкін. Бүкіл әлемде абыройынан айрылған Ресей жаһандық нарықта онсыз да сұранысы жоқ аудиторларын көрші қазақтарға қаптататуға құштар. Парламент мақұлдаған Еуразиялық одақ келісімі неге соқтыратынын тәжірибе көрсетеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу