Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында қазақстандық ауыр атлет Нұрғиса Әділетұлы 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде тамаша нәтиже көрсетті.
Ол жұлқа көтеру, серпе көтеру және қос сайыс бойынша 3 бірдей алтын жүлдені еншіледі.
Жұлқа көтеру жаттығуында Нұрғиса Әділетұлы 175 келіні еңсеріп, 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ирандық Алиреза Мойениден 4 келіге артық нәтиже көрсетті. Кейін Нұрғиса Әділетұлы 183 келіге тапсырыс бергенімен, бұл салмақ бағынбады. Айта кетейік, қазіргі әлем рекорды – 182 келі, оны дәл осы Алиреза Мойени орнатқан.
Серпе көтеруде қазақстандық спортшы Нұрғиса Әділетұлы алғашқы мүмкіндігінде 205 келіні көтерді. Кейін 210 келіге тапсырыс беріп, екінші мүмкіндігінде сәтті орындады. Бұл бағдарламада 2-орынды мысырлық Карим Ибрахим Али Абокахла (206 келі), 3-орынды Алиреза Мойени (203 келі) иеленді.
Қос сайыс қорытындысы:
- Нұрғиса Әділетұлы (Қазақстан) – 385 келі (175+210)
- Алиреза Мойени (Иран) – 374 келі (171+203)
- Карим Ибрахим Али Абокахла (Мысыр) – 370 келі (164+206)