Грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны Ислам Евлоев Ислам ынтымақтастығы ойындарында кезекті жарқын нәтижеге қол жеткізді. Эр-Риядта өтіп жатқан беделді додада ол 87 келіге дейінгі салмақта күміс медаль иеленіп, ел намысын абыроймен қорғады.
Тартысты белдесулер сериясында Евлоев финалға дейін сенімді қадам жасап, шеберлігі мен төзімділігін толық көрсетті. Шешуші айқаста ол биыл 82 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанған ирандық Голамреза Фарохимен жолықты. Қарсылас бұл кездесуде басымдық танытып, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Айта кетейік, Эр-Риядта өтіп жатқан жарыста Қазақстан құрамасының намысын 100-ден астам спортшы қорғуда. Олардың қатарында Олимпиада қатысушылары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлері бар. Ойындар 21 қарашаға дейін жалғасады.