Қазақстандық бес теннисші Уимблдон турнирінің іріктеу финалына өтті

441

Қазақстандықтар Бейбіт Жукаев, Денис Евсеев, Михаил Кукушкин, Тимофей Скатов және Зарина Дияс Уимблдон турнирі іріктеу сайыстарының финалына өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық бес теннисші Уимблдон турнирінің іріктеу финалына өтті Фото: Pixabay.com

Дүниежүзілік рейтингіде 208-орында тұрған Бейбіт Жұқаев әлемнің 127-ракеткасы, сербиялық Хамад Меджедовичті жарыс жолынан тайдырды. Қазақстандық теннисші бірінші сетте 6:7 (3:7) есе жібергенімен, камбэк жасай білді – 7:5, 6:4. Екі сағат 21 минутқа созылған тартысты матчта Бейбіт эйс санын 27-ге жеткізіп, 4 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 229-ракеткасы Тимофей Скатов рейтингіде өзінен 100 саты жоғары тұрған словакиялық Лукас Клейнді қапы қалдырды – 7:6 (10:8), 7:6 (7:5). Іріктеу сайыстарының финалында Бейбіт Жұқаев әлемнің 223-ракеткасы, франциялық Кентен Галимен, Тимофей Скатов рейтингіде 111-орындағы Чили өкілі Кристиан Гаринмен шеберлік байқасады.

Әйелдер арасында рейтингіде 967-орындағы Зарина Дияс сенсация жасап, әлемнің 138-ракеткасы, америкалық Сачия Викериді жеңіп кетті – 3:6, 7:5, 7:5. Зарина Дияс іріктеу кезеңінің финалында әлемнің 92-ракеткасы, қытайлық Чжосюань Бай немесе рейтингіде 194-сатыдағы таиландтық Ланлана Тарарудидің қай жеңгенімен таласады.

Әлемнің 132-ракеткасы Кукушкин іріктеу кезеңінің жартылай финалында дүниежүзілік рейтингіде 152-орында тұрған франциялық Бенджамин Бонзидің мысын басты. Қазақстандық теннисші қарсыласынан 6:4, 7:5 есебімен басым түсті. Ю Михаил Кукушкин іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 70-ракеткасы, тағы бір франциялық Юго Гастонмен кездеседі.

Әлемнің 163-ракеткасы Евсеев рейтингіде 133-орындағы франциялық Титуан Дрогенің меселін қайырды – 6:4, 7:6 (7:3). Денис Евсеев әлемнің 179-ракеткасы, бельгиялық Зизу Бергспен ойнайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу