Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясына толық дайын

214

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында үшінші ұлттық бітімгерлік контингенттің БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясын орындауға дайындық барысын бағалады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясына толық дайын Фото: gov.kz

ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының "Бітімгер" оқу-жаттығу орталығында министрдің орынбасарына әскери қызметшілерді даярлаудың толық циклі көрсетілді. Бағдарлама тактикалық, арнайы, медициналық және тілдік дайындықты, одан өзге халықаралық стандарттарға сәйкес көпұлтты ортадағы іс-әрекеттерді оқытуды қамтиды.

Оқыту кезінде барынша жауапкершілікпен жұмыс істеуге және шетелдік контингенттермен өзара іс-әрекетке жіті назар аударылады.

Сапар барысында генерал-майор Асқар Мұстабеков орталықтың оқу-материалдық базасымен танысып, қызмет көрсету шарттары мен оқу процесін қалай ұйымдастырылатынын тексерді. Бұдан басқа оған бітімгерлердің заманауи жабдықтары мен БҰҰ миссиясына жіберілетін жеке құрамды қамтамасыз етудің қолданыстағы нормалары көрсетілді.

Сапар қорытындысы бойынша ол әскери қызметшілерді даярлау және сабақтарды өткізу сапасының деңгейі жоғары деп атап өтті.

Сапар соңы үшінші бітімгерлік контингенттің жеке құрамын салтанатты сапқа тұрғызумен аяқталды. Министрдің орынбасары әскери қызметшілерге қызметі және халықаралық міндеттерді орындауға дайындығы үшін алғыс айтып, Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікті қолдауға қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті. Қорғаныс ведомствосының атынан жеке құрамға бағалы сыйлық табыс етілді.

БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінген аймақты бақылау миссиясы 1974 жылдан бері іске асырылуда. Қазақстан оған 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент ретінде қатысып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу