Бітімгерлер БҰҰ жарғысына сәйкес, Голан жоталарына Сирия мен Израиль арасындағы бейбітшілікті сақтау үшін барған болатын.
– Бүгін Отан алдындағы борышын орындап елге оралған сарбаздарды қарсы алдық. Бітімгерлер адал да ерен еңбегімен жақын туысының ғана емес барша халықтың мақтанышы. Сіздерді бір жыл бұрын Бас қолбасшының командалық тапсырмасымен бітімгерлік миссияны орындауға жібердік. Қойылған міндетті мүлтіксіз орындап елге оралдыңыздар, әскери міндетті берік болған сіздерде алғыс айтамын, – деді Қорғаныс министрі.
Сондай-ақ, министр бітімгерлік миссияның аласапыран аймақта халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолындағы маңызды міндет болғанын айтты.
– Сіздердің күш-жігерлеріңіз назардан тыс қалмай, халықаралық аренада Қазақстанның беделін жауапты, әрі бейбіт мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға негіз болды. Адал қызметтеріңіз бен жауынгерлік тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктеріңіз, сондай-ақ, қазіргі таңда басынан қиын кезеңді өткеріп жатқан адамдарға көмек қолын созғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – дейді Руслан Жақсылықов.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың наурызында Қазақстанның алғашқы ұлттық бітімгерлік контингенті (139 әскери қызметкер) БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталарына жіберілді.