Қазақстандық бизнес Марокко нарығына жол ашады

171

Тараптар инвестиция, ауыл шаруашылығы, логистика және цифрлық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге келісті.  

Қазақстандық бизнес Марокко нарығына жол ашады Фото: ЖИ

Қазақстан мен Марокко арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту бағытында маңызды қадам жасалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Марокко Кәсіпорындарының жалпы конфедерациясының (CGEM) штаб-пәтерінде екі ел тарихында алғаш рет Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, CGEM президенті Мехди Тази, Қазақстанның Мароккодағы елшісі Саулекүл Сайлауқызы, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары, даму институттары мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Әлібек Қуантыров пен Мехди Тази жеке кездесу өткізіп, іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Әлібек Қуантыров соңғы жылдары Қазақстан мен Марокко арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның Мароккодағы елшілігі ашылғаннан кейін дипломатиялық және іскерлік байланыстар жаңа деңгейге көтеріліп, енді құрылған Іскерлік кеңес екі ел кәсіпкерлері арасындағы тұрақты диалог алаңына айналмақ.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, финтех және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары талқыланып, осы бағыттар бойынша жұмыс топтарының қызметін жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Сондай-ақ қазақстандық және марокколық компаниялар өздерінің инвестициялық және экспорттық әлеуетін таныстырып, жаңа серіктестік мүмкіндіктерін қарастырды. Іс-шара аясында қазақстандық өнімдердің көрмесі ұйымдастырылып, марокколық кәсіпкерлер отандық өндіріс тауарларымен танысты.

CGEM президенті Мехди Тази Марокконың Африка, Еуропа және араб әлемі арасындағы стратегиялық орнына тоқталып, ал Қазақстанның Орталық Азия нарығына шығудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, тыңайтқыш өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым, энергетика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салалары екі ел үшін өзара тиімді ынтымақтастық бағыттары саналады.

Отырыс қорытындысында тараптар Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесін екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын тұрақты диалог алаңы ретінде дамытуға ниетті екенін растады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу