Қазақстандық боксшы жастар арасындағы Әлем чемпионатын жеңіспен бастады

1319

Қазақстандық боксшы Елнұр Сүйінбай Польшаның Кельце қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы Әлем чемпионатының екінші кезеңіне өтті.

Қазақстандық боксшы жастар арасындағы Әлем чемпионатын жеңіспен бастады

60 келіге дейінгі салмақта өткен алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Никарагуадан келген Майкл Эрнандес Лагоспен кездесті. Жерлесіміз алғашқы раундта 10:8 есебімен жеңіске жетіп, екінші үш минутта да өз жетістігін қайталады. Ал үшінші раундта Елнұр Майкл Эрнандес Лагосты нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Оның келесі кезеңдегі қарсыласы словакиялық Адольф Станек болмақ.

Сондай-ақ 69 келіде өнер көрсететін қазақстандық боксшы Нұржан Амангелді Польшада өтіп жатқан турнирдің алғашқы жекпе-жегінде 2020-жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері ресейлік Чеэрав Ашалаевтан жеңіліп қалды. Бұл жекпе-жектің фавориті ресейлік боксшы алғашқы екі кезеңде жеңіске жетті. Бірақ ақтық раундта қазақстандық өзінің белсенділігі мен дәлдігінің арқасында қарсыласынан басым түсті. Дегенмен, бұл соңғы нәтижеге әсер еткен жоқ. Өйткені төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ресейлік жеңімпаз деп танылып, турнирдің келесі кезеңіне өтті.

Бұдан бөлек ауыр салмақта (91 келіге дейін) өнер көрсететін Мәди Әміров Италия чемпионы Лука Тистареллиге қарсы шаршы алаңға шығып, қарсыласын тізе бүктірді. Енді Мәди Әміров екінші жекпе-жегінде иорданиялық Турки Аль-Равашдехпен кездеседі.

Жеңіл салмақта өнер көрсететін  (52 келіге дейін) Кенже Мұратұлы турнирдің екінші айналымында өзбекстандық Шахзод Музафаровтан жеңіліп қалды.

Ал қыздар арасында қазақстандық боксшы Айшагүл Елеубаева (54 келіге дейін салмақта) француз боксшысы Зое Коверсиге қарсы өткізген жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтап, екінші раундта нокдаундар сериясынан кейін төрешіні кездесуді тоқтатуға мәжбүр етті.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жарыстың алғашқы күні 56 келіге дейінгі салмақта қазақстандық Ерболат Сабыр венгриялық Герго Жаразды жеңген болатын. Ерболат жекпе-жекте 5: 0 (30:25, 30:25, 30:24, 30:27, 30:25) есебімен жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы бірінші және үшінші раундтарда нокдаунға түсті.

Польшада өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында қазақстандық 20 боксшы ел намысын қорғауда. Ал финалдық жекпе-жектер 22-23 сәуірге жоспарланған.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу