Қазақстандық боксшылар Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

1534

Екі боксшымыз ширек финалға жолдама алса, алты боксшымыз үшін Әлем чемпионаты аяқталды.

Қазақстандық боксшылар Әлем чемпионатының ширек финалына шықты

Түркияның Стамбул қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан Әлем чемпионатында қазақстандық Валентина Хальзова мен оңтүстік кореялық Су Чжин Сён арасында жекпе-жек өтті. Олар 70 келі салмақта 1/8 финалда кездесті. Жекпе-жек нәтижесі бойынша төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Хальзова жеңіске жетті.

Осылайша, Валентина Хальзова Қазақстан құрамасы сапынан 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына шыққан алғашқы боксшы атанды. Енді Хальзова аустралиялық Кей Френсис Скоттпен жұдырықтасады.  

Тағы бір қазақстандық боксшы Гүлсая Ержан (81 кг) да 1/4 финалға жолдама алды. Ол украиналық Олеся Крисюкке қарсы шаршы алаңға шығып, оны 5:0 есебімен ұтты.

Өкінішке орай 1/8 финалда өнер көрсеткен ұлттық құраманың тағы бір өкілі Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) түркиялық боксшы Демир Шеннурге есе жіберді.

Әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатына ұлттық құрама сапынан 13 боксшы аттанған болатын. Олардың басым бөлігі алғашқы айналымнан әрі аса алмады. Екі дүркін Әлем чемпионы Назым Қызайбай 50 келі салмақта сынға түсіп, колумбиялық Ингрит Лорена Валенсиямен өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде, төрешілердің шығарған шешімімен колумбиялық жеңіске жетті – 3:2.

Ал Ангелина Лукас бірінші айналымда бразилиялық Каролин де Алмейдеге жеңілді. Бұл жолы Лукас Халықаралық бокс федерациясы (IBA) саяси себептермен өз елдерінің атынан шыға алмайтын немесе өз елдерінің бокс федерациясы үшін бәсекеге түсе алмайтын спортшылар үшін құрылған команда атынан өнер көрсетті.

Сондай-ақ Аида Әбікеева (63-ке дейін), Надежда Рябец (75-ке дейін) Римма Волосенко үшін Стамбулдағы турнир аяқталды. Айта кетейік, Әлем чемпионатының жеңімпаздары 100 мың доллар, финалистер 50 мың доллар, қола жүлдегерлер 25 мың доллар сыйақы алады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу