Қазақстандық боксшылар Азия чемпионатын жеңіспен бастады

1663

Біріккен Араб Әмірліктерінде өтіп жатқан Азия Чемпионатының екінші жарыс күнінде қазақстандық боксшылар тамаша нәтиже көрсетті.

Қазақстандық боксшылар Азия чемпионатын жеңіспен бастады

Ерлер арасында 33 жастағы боксшы, Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Василий Левит турнирдегі алғашқы жекпе-жегін бірден 1/4 кезеңнен бастады. Левит 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Оның алғашқы қарсыласы ирандық Эхсан Рузбахани болды. Ол бұған дейін "Астана Арландарында" Левитпен бірге командалас болған. Кездесу нәтижесеі бойынша Василий 4:1 есебімен қарсыласын жеңді.

Жартылай финалдағы жетістік қазақстандық боксшыға Азия чемпионатының қола медаліне кепілдік берді. Егер ол 1/2 жеңіске жетсе, "алтын" үшін күреседі.

Сондай-ақ Даниял Сәбит те турнирді 1/4 кезеңнен бастады. 49 келіге дейінгі салмақта Сәбиттің қарсыласы индонезиялық Корнелис Квангу Ланг болды. Төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен қазақстандық үш раундта да қарсыласынан басым түсіп, 5: 0 есебімен жеңіске жетті.

64 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін 34 жастағы қазақстандық боксшы Зәкір Сафиуллин Азия чемпионатындағы екінші жекпе-жегінде жеңіліп, жартылай финалға өте алмады. Қазақстан құрамасының боксшысы Сафиуллиннің қарсыласы Моңғолиядан келген Баатарсухийн Чинзориг болды. Алғашқы кезеңді сәтті бастаған қазақстандық боксшы бұл жолы қарсыласына 4:1 есебімен жеңіліп қалды.

Естеріңізге сала кетсек, Сафиуллин Олимпиада лицензиясының иегері және Токио Олимпиадасында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.

Сонымен қатар 56 келіге дейін салмақта шаршы алаңға шыққан Махмұд Сабырхан мен 60 келіге дейін салмақта өнер көрсететін Серік Теміржанов турнирдің келесі кезеңіне өте алмады.

Қазақстандық Назым Қызайбай Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 51 келіге дейінгі салмақта ол турнирді 1/4 кезеңнен бастап, Өзбекстан боксшысы Тұрсынай Рахимоваға қарсы рингке шықты. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша 3:2 есебімен, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен қазақстандық боксшы қыз қарсыласынан басым түсті.

Жартылай финалдағы жетістік Қызайбайға Азия чемпионатының қола медалін иеленуге кепілдік берді. Келесі кезеңде жеңіске жеткен жағдайда ол "алтын" үшін күреседі. Ал жеңілген жағдайда "қола" медаль алады.

Естеріңізге сала кетсек, 27 жастағы Қызайбай 2014 және 2016 жылдары әлем чемпионы атанған. Ол екі алтынды да 48 келіге дейінгі салмақта жеңіп алған болатын.

28 жастағы қазақстандық Римма Волосенко Азия чемпионатындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. Боксшы тунирді 1/4 кезеңнен бастады. 60 келіге дейінгі салмақта оның алғашқы қарсыласы моңғолиялық Монхор Намун болды. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен Римма қарсыласынан басым түсті. Осылайша Волосенко Азия чемпионатында өзінің мансабындағы алғашқы медалін алуға мүмкіндік алды.

Бүгін Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов, Әбілхан Аманқұл, Бекзат Нұрдәулетов және Қамшыбек Қоңқабаевтар ширек финалдық кездесулерін өткізеді. Жекпе-жектер Нұр-Сұлтан уақытымен 20: 00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу