Қазақстандық боксшылар "Босфор" турнирін жеңіспен бастады

2005

"Босфор" туринирінде 200-ден астам боксшылар сынға түсуде.

Қазақстандық боксшылар "Босфор" турнирін жеңіспен бастады

91 келі салмақта өнер көрсететін ұлттық құрама боксшысы Сағындық Тоғамбай Стамбулда (Түркия) өткен халықаралық "Босфор" турнирінде алғашқы кездесуін сәтті өткізді.

Жастар арасында Азияның үш дүркін чемпионы Сағындық Тоғамбай үшінші раундта литвалық Арас Дуденасқа жойқын соққы бағыттап, нәтижесінде қарсыласы құлап, аяғын қайрып алды және жекпе-жекті одан әрі  жалғастыра алмады.

Сондай-ақ 69 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы Қуан Қуатов алғашқы жекпе-жегін өткізді. Ол палестиналық Касим Раджабқа қарсы шаршы алаңға шықты. Бұл жекпе-жек мерзімінен бұрын, екінші раундта Қуатовтың жеңісімен аяқталды. Алдымен төреші палестиналықты бірінші нокдаун алды деп есептеді. Бірақ, содан кейін Касим екінші нокдаун алды. Нәтижесінде қазақстандық нокаутпен жеңіске жетті.  Осылайша, Қуан Қуатов Стамбулдағы турнирдегі өнерін жеңіспен бастады. Бұған дейін Қуатов әуесқой бокстағы мансабында "Ең үздік техникалық боксшы" атағына ие болған. Бұл номинация бойынша ол үш жыл бұрын Украинадағы турнирде жеңіске жеткен.

Сонымен қатар "Босфор" халықаралық турнирінің алғашқы жарыс күнінің нәтижесі бойынша әйелдер арасында 51 келі салмақ дәрежесінде Жайна Шекербекова румыниялық қарсыласын жеңді. Валентина Хальзова әзірбайжан боксшысын жеңіп, жарыстың келесі кезеңіне өтті. Өкінішке орай, Лаура Есенкелді қарсыласына жол беріп, турнирді аяқтады. Надежда Рябец те турнирге қатысуы тиіс болатын. Алайда жеңіл жарақатына байланысты шаршы алаңға шыға алмады.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан бокс федерациясы халықаралық "Босфор" турниріне қатысатын ерлер мен әйелдер құрамасың толық тізімін жариялаған болатын. Жарыс Стамбулда өтуде және турнирге 200 боксшы қатысуда. Оның ішінде ерлер арасында 120-дан астам, ал әйелдер арасында 70-тен аса боксшылар өзара сынға түсуде.

Қазақстан атынан өнер көрсетіп жатқан ерлер құрамасы:
52 кг - Тимур Қабдешев, Дамир Әбдіқадыр
57 кг - Айдос Арапов, Нұрбол Қалжанов
63 кг - Бахтияр Смағұлов, Болат Ерсұлтан
69 кг - Куан Куатов, Санатәлі Төлтаев, Дархан Дүсебай
75 кг - Аман Қазангапов, Аятулла Такежанов
81 кг - Бекболат Әбдікерім
91 кг - Сағындык Тоғамбай, Азамат Бектас, Нұрлан Сабыров, Абзал Құттыбеков
+91 - Айболды Дәуренұлы

Әйелдер құрамасы:
51 кг - Назым Қызайбай, Ангелина Лукас, Жайна Шекербекова
57 кг - Назым Исчанова
60 кг - Владислава Кухта, Римма Волосенко, Лаура Есенкелді
75 кг - Валентина Хальзова, Фариза Шолтай

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу