Биылғы ASBC құрлық біріншілігінде 51 жаңа жеңімпаздың есімін білетін боламыз (25 қыз бен 26 ұл). Бұл салмақ дәрежелерінің саны бойынша рекордтық көрсеткіш. Сайысқа ең көп делегат Қазақстан, Өзбекстан және Үндістан құрамаларынан келеді деп күтілуде. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Біріншіліктің тағы бір ерекшелігі, тарихта бірінші рет бір чемпионатта екі буынның (жас ерекшелігіне қарай) өкілдері шаршы алаңға шығады. Атап айтқанда, 2003 пен 2004 жылы туғандар жастар арасында бақ сынаса, 2005-2006 жылы туғандар жасөспірімдер арасында мықтыны анықтайды.
Құрлықтық біріншілік алдында аға бапкер Қайрат Сатжановтың шәкірттері Түркістан облысындағы "Алматау" спорттық базасында соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Сатжановтың командасында жастар арасындағы Әлем және Азия чемпиондары, бірнеше халықаралық бәсекелердің жеңімпаздары бар.
Елдос Сайдалин баптайтын жастар мен бұрымды боксшыларымыздың командасына тоқталсақ, олар Алматы облысындағы біріншілікке Новоалексеевкадағы базада шеберліктерін шыңдайды. Бұл қыздарды дайындаудың екінші кезеңі. Бұған дейін бұрымды былғары қолғап шеберлеріміз Өзбекстан құрамасымен біріккен жаттығу жиындарын өткізген болатын.
Аркадий Топаевтың жетекшілігімен Қазақстан жасөспірімдер құрамасы да Новоалексеевкадағы соңғы жаттығу жиындарынан өтіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, жастар мен жасөспірімдер арасында өтетін Азия біріншілігінде ақшалай жүлде қарастырылған. Халықаралық Бокс Ассоциациясынан (AIBA) жастар арасындағы жеңімпаздар 6000 АҚШ долларын, күміс жүлде иегерлері - 3000 доллар, қола жүлде иегерлері - 1500 доллар көлемінде сыйақы алады.
Ал екінші жас ерекшелігіне сай жасөспірімдер 4000/2000/1000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы ала алады. Дәл осындай жүлде қоры Тбилисиде өткен бокстан жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатында тағайындалған болатын.
Ермұхамед Мәулен