Бокстан Әлем чемпионы, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов Thailand Open халықаралық турниріндегі алғашқы кездесуінде қарсыласынан айласын асырды. 52 келіге дейінгі салмақта Сәкен тағы бір қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбаймен кездесіп, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Екінші раундта Тәшкенбайдың мұрны жарақатталды. Қысқа үзілістен кейін дәрігер жекпе-жекті жалғастыруға рұқсат берді. Кейін қан кету күшейгенімен, кездесу тоқтаған жоқ. Нәтижесінде, Бибосынов ширек финалға жолдама алып, тайландтық Танарат Саенфетпен кездесетін болды. Қазақстан құрамасының сапында Бибосынов пен Тәшкенбайдан бөлек тағы тоғыз боксшы осы жарысқа қатысуда.
2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржанов та алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Теміржанов филиппиндік Марио Фернандеспен кездесіп, қарсыласынан басым түсті. Жартылай финалға шығу үшін қазақстандық боксшы сингапурлық Мохамед Ханурдин Бин Хамидпен жұдырықтасады.
Сонымен қатар Аятулла Тәкіжанов (75 келіге дейін) тайландтық Ситиксак Чумкумарноммен кездесіп, қарсыласын тізе бүктірді. Ол келесі кезеңде алаң қожайыны Борворн Кадамованмен күш сынасады.
Ал Нұрбек Оралбай Thailand Open халықаралық турнирінде мерзімінен бұрын жүлдегер атанды. Жеребеден кейін Оралбай бірден 81 келі салмақ дәрежесінде жарыстың жартылай финалына шықты. Оның келесі қарсыласы жаңа зеландиялық Оникс Ли мен Тайландтық Анават Тонгкаток арасындағы кездесуде анықталады.
Аталған боксшылардан бөлек жарыста олимпидалық салмақ дәрежесі бойынша Санатәлі Төлтаев, Сұлтан Мусинов (63 келі), Асланбек Шымбергенов (69 келі), Тимур Нұрсейітов (75 келі), Айбек Оралбай, Сағындық Тоғамбай (91 келі) шаршы алаңға шығады. 1 сәуір күні Тайландтың Пхукет қаласында басталған халықаралық турнир 10 сәуірге дейін жалғасады.
Ермұхамед Мәулен