Ресейдің Чита қаласында бокстан жастар арасындағы Еуразия кубогы турнирінде Қазақстан құрамасы 13 жүлде еншіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған жарыстан 67 келі салмақ дәрежесінде Төрехан Сабырхан турнир жеңімпазы атанды. 57 келіде Жансері Көшербаев пен 80 келіде Мадияр Бексұлтанов финалда төрешілер шешімімен жергілікті боксшыларға жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.
Ал, 10 спортшы, атап айтар болсақ, 51 келіде Бексұлтан Боранбек, 54 келіде Әділбек Қожахан, 54 келіде Әли Мұрат, 57 келіде Бауыржан Мұратов, 63,5 келіде Асылхан Көшербай, 63,5 келіде Ахмет Үсен, 71 келіде Өнер Сейілхан, 75 келіде Санжарәли Бегалиев, 80 келіде Дамир Синеев, 92 келіде Аслан Елдібайұлы қола жүлдеге қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, жастар құрамасының аға бапкері қызметін атқарған Қайрат Сәтжанов тамыз айында ұлттық құраманың бас бапкері қызметіне тағайындалды. Қазіргі уақытта жастарды Бағдат Оңғарбеков жаттықтырады.