Ерлер арасында Қазақстан құрамасының тоғыз боксшысы Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан "Странджа" халықаралық турнирінің жартылай финалына шықты. Төрт қазақстандық Өзбекстаннан келген қарсыластарымен, ал қалған төртеуі ресейліктермен жұдырықтасады. Тоғызыншы жартылай финал да қиынға соғады, өйткені турнир қожайыны Болгария боксшысы қазақстандық боксшыға қарсылас атанып отыр.
Жартылай финалға шығу үшін еліміздің боксшылары біраз тер төкті. Қазақстандық Дулат Бекбауов өзбекстандық Жахонгир Рахмоновтан айласын асырды. Екі раундтан кейін қазақстандық сәл басымдықпен 2:0 есебімен алға шықса, үшінші кезеңде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп 5:0.
Сағындық Тоғамбай да (86-ға дейін) қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ресейлік Шарапутдин Атаевпен жекпе-жекте бірінші раунд ресейлік боксшының пайдасына аяқталды. Дегенмен келесі раундтарды Сағындық басымдық танытып, бірауыздан төрешілердің шығарған шешімімен, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, Тоғамбай келесі кезеңге өтті.
Енді қазақстандық боксшылар финалдық жолдамаларды сарапқа салады. 18:00-де басталатын күндізгі сессияда әйелдер арасындағы жартылай финалдық кездесулер өтеді. Оған Қазақстанның атынан 8 боксшы – Назым Қызайбай (50 келіге дейін), Дина Жоламан (54 келіге дейін), Римма Волосенко (60 келіге дейін), Дариға Шәкімова (66 келіге дейін), Валентина Хальзова (70 келіге дейін), Надежда Рябец (75 келіге дейін), Анастасия Баязитова (81 келіге дейін) және Ләззат Күнгейбаева (81 келіден жоғары) қатысады.
22:00-де басталатын кешкі сессияда Санжар Тәшкенбай (48 келіге дейін), Дамир Әбдіқадір, Тимур Қабдешов (екеуі де 51 келіге дейін), Махмуд Сабырхан (54 келіге дейін), Абзал Серік (63,5 келіге дейін), Дулат Бекбауов (67 келіге дейін), Сағындық Тоғамбай (86 келіге дейін), Абзал Құттыбеков (92 келіге дейін) және Нұрлан Сапарбай (92 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Осылайша, 17 қазақстандық боксшы халықаралық турнирдің жартылай финалына шықты. Олар кем дегенде қола медаль, ал бүгін жеңіске жеткен жағдайда финалға жолдама алады. Жартылай финалдық жекпе-жектер 25 ақпанда, финал 26-27 ақпанда өтеді.
Ермұхамед Мәулен