Қазақстандық боксшылар "Странджа кубогында" сынға түсуде

1002

Болгария асатанасы Софияда "Странджа кубогы" халықаралық турнирі өтуде.

Қазақстандық боксшылар "Странджа кубогында" сынға түсуде

Халықаралық турнирдің алғашқы ширек финалдық жекпе-жектерінде төрт қазақстандық боксшы рингке шықты. 48 келі салмақ дәрежесінде Ернұр Қайрат грузиялық Лука Кублашвилиден ұтылды. Ал 67 келіге дейінгі салмақта Темірхан Тезек өзбекстандық Бехзод Хамидовтан жеңіліп қалды. Ал аса ауыр салмақтағы Қазақстан құрамасының көшбасшысы, 2020 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Құнқабаев өзінің басты қарсыласы, Олимпиада чемпионы өзбекстандық Баходир Жалоловқа қарсы жекпе-жектен бас тартты.

"Қамшыбек Қоңқабаев қол жарақатына байланысты рингке шықпады.Сонымен қатар, бапкерлер штабының айтуынша, ауыр салмақтағы спортшымыздың жаттығуға және жарыс процестеріне толық қатысуға уақыты тым аз болды. Қамшыбек қалпына келіп, ең алдымен денсаулығын ойлауы керек. Себебі алда негізгі жарыстар Ташкенттегі әлем чемпионаты мен Ханчжоудағы Азия ойындары күтіп тұр", - деп хабарлады Қазақстан бокс федерациясы.

Айта кету керек, әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов турнирді жеңіспен бастады. Ол Токио Олимпиадасындағы сәтсіздіктен 1,5 жылдан кейін алғашқы жекпе-жегін өткізіп, ширек финалға шықты. Бірақ, Бекзат 80 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға өте алмады. Нұрдәулетов ширек финалда өзбек Жасурбек Юлдошевке есе жіберді – 27:28, 28:27, 27:28, 29:26, 27:28.

Сонымен қатар жарыс күнінің соңғы жекпе-жегінде Бекзат Таңатар (86 келі) өзбекстандық Шохжахон Абдуллаевтен жеңіліп қалды.

Ал бүгін тағы бір қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов "Странджа кубогының" ¼ финалы аясында кездесу өткізді. Оразбектің қарсыласы өзбекстандық Абдумалик Халоков болды. Жекпе-жек тартысты өтті. Ешкімнің жеңілгісі келмеді, бірақ соңында төрешілер жеңісті қазақстандыққа берді. Осылайша қазақстандық боксшы кем дегенде турнирдің қола жүлдесін алатын болды.

75 келі салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Нұрқанат Райыс "Странджа кубогының" ширек финалында Алохон Абдуллаевты ұтты. Өзбекстандық былғары қолғап шебері Райысты үшінші раундта екі рет нокдаунға түсіргенімен, бұл төрешілердің соңғы шешіміне әсер етпеді. Осылайша Нұрқанат кем дегенде турнирдің қола жүлдесін алатын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу