Қазақстандық дзюдошы Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің чемпионы атанды

932

Елордадағы "Барыс Арена" спорт кешенінде өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне 45 елден 400-ден астам спортшы қатысуда.

Қазақстандық дзюдошы Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің чемпионы атанды

Қазақстандық дзюдошы Мағжан Шамшадин Астанада өтіп жатқан Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің чемпионы атанды. Ол 60 келіге дейінгі салмақта финалда француз Седрик Револды жеңді. Бұл қазақстандықтың "Үлкен дулыға" турниріндегі мансабындағы алғашқы алтын медалі.

Мағжан алғашқы белдесуінде әзірбайжандық спортшы Назир Талибовты жеңді. Ал екінші айналымда Мағжан Бахром Ботуровты (Өзбекстан) жеңіп, тәжікстандық Мерзода Суфиевқа да еш мүмкіндік қалдырмады.

Сонымен қатар Ғұсман Қырғызбаев дзюдодан "Үлкен дулыға" турнирінің күміс жүлдегері атанды. 66 келі салмақта финалда Қырғызбаев испаниялық Давид Гарсиа Торнадан жеңіліп қалды. 30 жастағы қазақстандық "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі мансабындағы төртінші медалін жеңіп алды. Ол бұған дейін 2019 жылы Абу-Дабиде алтын, 2018 жылы Абу-Дабиде және 2021 жылы Тель-Авивте күміс жүлде иеленген болатын. Ал испаниялық дзюдошы "Үлкен дулыға" турнирінде алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.

IJF ережесі бойынша турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік рейтингтер мен олимпиадалық ұпайлар сарапқа салынады. Атап айтқанда, бірінші орынға 1000 ұпай, екінші орынға 700 ұпай, үшінші орынға 500 ұпай беріледі. Qazaqstan Barysy Grand Slam татамиінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде және 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу