Қазақстандық қорғаушы Лев Скворцов Түркиядағы жаңа клубы – "Серикспор" құрамында алғашқы ойынында алаңға шықты. 25 жастағы футболшымен келісімшартқа түркиялық клуб 9 қаңтар күні ресми түрде қол қойған болатын.
Лев Скворцов Түркия Бірінші лигасының 20-туры аясында өткен "Истанбулспорға" қарсы үй матчында екінші таймда, үзілістен кейін Гохан Акканның орнына қосылды. Алайда кездесу "Серикспор" үшін сәтсіз аяқталып, команда 0:3 есебімен жеңіліс тапты.
Қонақтар сапынан Менди Мамаду, Эртен Эрсу және Эмир Гүлтекин мергендік танытты. Бұл жеңістен кейін "Истанбулспор" 27 ұпай жинап, турнирлік кестеде 11-орынға көтерілді. Ал "Серикспор" 26 ұпаймен 13-сатыда қалып отыр.
Лев Скворцов – "Астана" клубының түлегі. Ол әр жылдары "Атырау", "Тұран", "Ақтөбе", сондай-ақ Ресейдің "Шинник" пен "Химки" клубтарында ойнаған. 2023-2024 жылдары Қазақстан ұлттық құрамасына шақырылып, сегіз матч өткізді.
2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасы маусымында Скворцов "Ақтөбе" сапында 17 ойынға қатысып, бір голмен көзге түскен.