Қазақстандық ғалымдардың өнертабысына АҚШ пен Қытай қызығып отыр

1826

Отандық ғалымдар ойлап тапқан инновациялық өнімдер өмірге жолдама алса, онда зағип жандар көшеде еркін қозғала алуы да мүмкін. 

Қазақстандық ғалымдардың өнертабысына АҚШ пен Қытай қызығып отыр Фото: zhasatyrau.kz

Қазақстандық ғалым осыдан бірнеше жыл бұрын көзі суқараңғы жандарға кеңістікте бағдарлануға жәрдемдесетін бірегей аппарат жасап шыққан болатын. Биолокатор халықаралық деңгейде танылды, ал тифлоаппараттың алғашқы сынақтарында көру қабілетінен айрылып, мүмкіндігі шектелген жандар жіңішке таяқсыз қозғалып қана қоймай, сондай-ақ түрлі заттардың нобайын көріп, велосипед теуіп, тіпті пневматикалық қарудан көздеп ата алыпты.

IT-өнертапқыш, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалымжан Ғабдрешов қазақтың сезу сөзінен шыққан "Sezual" атты стартапын 2018 жылы әзірлеуге кірісті, содан бері өнертабыстарын жетілдіріп келеді. Адамдарға соқырлық тауқыметтерінен сәл де болса арылуға көмектесетін аппаратты жасауға Ғалымжан Ғабдрешовті өз өміріндегі қайғылы оқиға итермелепті: 2017 жылы оның беті күйіп қалып, салдарынан оң көзінің тор қабығына қатты зақым келеді. Дәрігерлер көру қабілетін біршама қалпына келтірген.

Осыдан кейін ұзақ жылдар бойы ақпараттық технологиялар саласында жұмыс істеп келе жатқан ғалым команда жинап, барлық күш-жігерін жаңа бағытқа жұмсауға ұйғарады.

"Жануарлар туралы бағдарламаны қарап отырып, қызықты дерекке қанықтым: оларда жарық арқылы көру сыртында дыбыс арқылы көру қабілеті дамыған көрінеді. Соның арқасында тас қараңғыда да қозғалып, ұша береді. Бұл жағдайда көздің қызметін дыбыстық эхолокация атқарады. Мені бұл тақырып қатты қызықтырды, соны зерделей бастадым. Үш жасында соқыр болып қалып, дыбыстық сигналдар арқылы бағдарлануға үйренген адам туралы бағдарлама да осы идеяны бекіте түсті. Дәрігерлер ақыры оған көру қабілетін қайтарыпты, бірақ ол оны пайдалана алмаған, ары қарай эхолокацияға жүгінуді жалғастырған. Бұл есту сезіміне сүйенетін "Sezual" аппаратын әзірлеуіме түрткі болды", – дейді өнертапқыш.

Құрылғы зағип жандарға 15 метр радиуста айналадағы заттарды үш өлшемде "көруге" мүмкіндік бермек. Ең басты қасиеті – адамда геолокациялық көру қабілетін жандандыруға бағытталған.

Аппарат түрлі сынақтардан өтті. Балалар "Sezual" тифлоаппаратын жылдам игерген: таяқсыз жүгіріп кеткен. Ал егде жастағы адамдарға қиынға түскен, бірақ олардың арасында да бұл құрылғымен сауда орталығында қыдыра алғандары болыпты. Дайын тауар ретінде шығарылуы үшін эхолокатор пысықтай түсуді қажет ететін көрінеді.

Ал Kapital.kz Ғ.Ғабдрешов бастаған ғалымдар тобы енді зағип жандарға арналған электронды жолдарды ойлап тапқанын хабарлады. Дегенмен, бұл жол таяқшаны пайдалануды қарастырады.

Әрине, кез келген инновация коммерцияландырылып, өндіріске қойылмаса, идея күйінде қалуы мүмкін. Бұл ретте қазақстандық ғалымдардың өнертабысы кең қолданысқа ие болады деген үміт бар. Олар бүгінде Америкамен келіссөздер жүргізіп жатыр, содан кейін Қытай нарығына шығуда жоспарлады. "Sezual" төл девайстарының өндірісін Гонконгте іске қосыпты. Одан алынған өнімдермен АҚШ нарығына шығуға ниетті.

Ғалымжан Ғабдрешов зағип жандарға көшеде еркін қозғалуға көмектесетін арнайы электронды жолдар жасау қажеттігі туралы 2019 жылы ойласа бастады. Жаңа аппарат оларға көмекшісіз, жолбастаушы иттерсіз дүкенге, парктерге, емханаға, тіпті музейге баруға мүмкіндік бере алады.  

"Қазіргі уақытта көрмейтін адамдардың көбі кеңістікте жіңішке таяқ арқылы ғана бағдарлануға мәжбүр. Олар таяқпен тарсылдатып, алдында не кедергі тұрғанын, бордюр әлде жазық жер жатқанын анықтайды. Бірақ таяқ қысқа ғой, салдарынан қашықтағыны бағамдай алмайды. Оның үстіне таяқ адамның толығымен қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етпейді. Сондай-ақ зағип жан нақты бағдары болмағандықтан, мақсатты жеріне дұрыс жолмен бара жатқанына да сенімді бола алмайды", – дейді ғалым.

Мұндай мүгедектігі бар азаматтарға мемлекет көмектеседі: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зағиптарға ілесе жүретін көмекші ұсынады. Бұл үшін әрбір көмекшіге айына орта есеппен 80 мың теңге жалақы төлейді. Бірақ көмекші көбіне тәулік бойы емес, күніне 2–3 сағат қана қызмет көрсетеді. Оның өзінде аптаның белгілі бір күндерінде жазылу керек.

Бұдан бөлек, көшелерде сары түсті тифложолдар орнатылды. Ол жолдар көшелердің бәрін бірдей қамтымайды. Сауда, ойын-сауық орталықтары түгіл, емханаларға да ондай жолдар төселе бермейді. Мұның бәрі зағиптардың қозғалысын қатты шектейді.

Өнертапқыштың түсіндіруінше, электронды жолды жасау жұмысы шамамен бір айға созылған. Құрылғы есікті контактысыз ашатын электронды кілтке ұқсас жұмыс істейді екен. Ол іске қосылуы үшін асфальт жолға, 15–20 сантиметр тереңдікке магнитті элемент орнатылады. Ол таяққа (трость) монтаждалған есептеуіш элементке сигнал береді.

"Таяқтың сабына арнайы механизм қондырылған, сол арқылы адамның қолы таяқтың ұшындағы діріл-вибрацияны сезе алады. Дірілдің қуаты қоңырау шалған кездегі смартеонның вибрациясына сәйкес келеді. Осы технология көмегімен, вибрацияның саны бойынша адам алдында қандай кедергі барын анықтай алады. Мысалы, екі рет дірілдесе, алда кедегі жоқ, жол ашық деген сөз. Үш рет діріл қақса, 20 сантиметрде баспалдақ басталады дегенді білдіреді. Зағиптардың бағдарлануына жеңіл болуы үшін вибрация музыкадағы секілді белгілі бір ырғаққа, үндестілікке ие. Мәселен, үш реттік вибрацияның үндестілігі төмендеп барып сөнетін болса, онда алдағы баспалдақ төменге бастайды. Егер үш вибрация керісінше шарықтаса, демек, баспалдақ жоғарыға бағытталған. Қос вибрация болса, алда эскалатор орналасқан және сол сияқты. Әрқайсысының дыбыс үндестілігі болады. Осылайша, радиометкалар көзі көрмейтін адамдарға орасан көлемде ақпарат бере алады. Ал сарғыш тифложолдардың беретін ақпараты тым мардымсыз", – деді Ғалымжан.

Ол радиотаңбаларды бір-бірінен 20 сантиметр қашықтықта орнатқан жөн деді. Оларды 15 сантиметр тереңдікке көмбей, еденге, қыштақтаға, паркетке және басқа жабынғылардың бетіне желімдеуге болатын көрінеді. Радиотаңбаларды мыстан жасау жоспарланып отыр: бұл метал басқаларына қарағанда электрді, яғни сигналды әлдеқайда жақсы өткізеді.

Ғалым электронды жолдар ондаған жылдар бойы қызмет етеді деп сендірді. Бұған қоса, оларды жазық емес жерлерде, мысалы, орман жолдарында да орнатуға болады: өнертапқыш жер астында және үстінде радиотаңбалардың суға, ылғалға, аязға, аптапқа шыдамды болуына мән беріпті.  

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда көру қабілетінен айырылған 85 мыңдай адам бар. Соған қарамастан, көшелерде өз бетінше таяқпен не көмекші итпен қозғалған зағиптар көп байқалмайды, себебі олар үйлерінен шыға алмай отырады. Қолынан жетектейтін көмекшілерсіз оларға сыртқа шығу қауіпті. Егер отандық инноваторлардың өнертабысы жағдайды түзеуге ықпал етсе, оны мемлекет те жан-жақты қолдағаны жөн.

Команда алдымен прототипті жасау үшін жобаға шамамен 27 мың доллар төл қаражаттарын инвестициялады. Өнімді зағиптар тобы сынақтан өткізген. Сонымен қатар өнертабыс зағиптарға арналған кітапханаларда, оңалту орталықтарында сыналып жатыр. Астанадағы оңалту орталықтарының бірінің бас дәрігері Асқар Баймағамбетов "Капитал" басылымына сұхбатында зағиптардың бұл өнімді бірнеше күнде, жылдам игеріп алғанын әңгімеледі. Нәтижесінде, олар палатадан процедуралық кабинеттерге санитарлардың сүйемелдеуінсіз, өздері бара алатын болған.

Ғалымжан Ғабдрешов электронды жолдар сары тифложолдарға қарағанда арзанға түсетінін мәлімдеді. Атап айтқанда электронды жолдың бір шақырымы 900 мың теңге тұрады екен. Бұған оларды монтаждау қызметі де кіреді.

Инновациялық өнімге қажетті магниттік және есептеуіш элементтер бүгінде ҚХР Гуанчжоуында тестілік режимде жасалып жатқан көрінеді.

Ғалымжанның мәліметінше, Гуанчжоуда әзірлеуші команданың төл инженерлік виртуалды кабинеті бар, сол арқылы қашықта отырып, өндірістің бүкіл циклын, егжей-тегжейін бағдарламалай алады. Инноваторлар витуалды кабинетке 30–40 және одан көп кәсіпорынды қоса алады: бұлардың әрқайсысы белгілі бір бөлшегін шығаруға маманданған. Олар автоматты жүйе басқаратын біртұтас логистикалық тізбекке бірігеді. Қанша көлемде тапсырыс орындау керектігін де кәсіпорындар осы жүйеден біле алады. Дегенмен, микросхемаларды жинау және есептеуіш құрылғыларды таяққа орнату Қазақстанда жүзеге асырылады.

Отандық ғалымдар өз өнертабыстарына Швейцарияның патенттік палатасынан халықаралық патент алды.

АҚШ-та мысалы, жаңа инновациялық өнімдер "Теледүкендер" арқылы да сатылатыны мәлім. Бірақ оларда негізінен, халық кең тұтынатын тауарлар саудаланады. Америкада мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасауға бағытталған федералдық және штаттар деңгейлеріндегі  әлеуметтік жобалар көп. Отандық өнертабыс солардың біріне ене алса, мол табысқа кенелмек.

АҚШ-тың Остиніндегі ірі техастық мектеп, Массачусетстегі Перкинс мектебі қазақстандық өнімді өздерінде ендіруді ұсыныпты. Олардың мамандары оң бағаласа, өнертабыс АҚШ-тың өзге штаттарындағы зағип балаларға арналған 46 мектепке таратылуы мүмкін.

Көрші шың елі де қазақстандық ғалымдардың әзірлемесіне қызығушылық танытып отыр. ҚХР ғылым академиясының басшысы оларды электронды жолдарды Қытайда сынақтан өткізіп, дамытуға шақырыпты.

"Бізге Бейжіңге көшуді және сонда университет жанында ғылыми қызметпен айналысуды, жобамыз бойынша жұмыс істеуді ұсынды. Барсақ, жұмыс үшін қажетті барлық жағдайды жасауға, жеткілікті көлемде қаржы бөлуге уәде етті. Дамыған елдер өнертапқыштар мен олардың жобаларына таласа-тармаса жабысады. Қытай да осы трендке ден қойды. Бірақ біз ең алдымен америкалық нарықты игеріп, Қытай нарығына содан соң енуді жөн көрдік", – деді Ғалымжан Ғабдрешов.

Қалай болғанда, Ғ.Ғабдрешов дәл қазір команда қосымша инвесторды қажетсінбейтінін жеткізді: олар "кездейсоқ" емес, тек бейінді инвесторлармен ғана ынтымақтастық құрады. Мысалы, бірқатар жобаларына Теңізшевройлдан, америкалық компаниялардан инвестициялар тартты. Сондай-ақ Қазақстан қор биржасымен (KASE), "Астана" халықаралық қаржы орталығының жасыл қаржы орталығымен тығыз жұмыс істеуде, олардан "жасыл" облигациялар шығару жөнінде кеңестер алады.  

Болашақта "Sezual" командасы "Электронды жолдар" жобасын бүкіл Қазақстанда жүзеге асыруға ниетті. Осы мақсатта әкімдіктермен келіссөздерді бастап, электронды жолдарды сынауға ұсынып отыр.

Жалпы, ғалымдар тобының жобалары жетерлік. Олардың біразы жүзеге асса, кемтар жандардың өмірі біршама жақсарып қалар ма еді. 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу