Алдағы Мәжіліс отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісім ратификациялауға ұсынылады. Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов редакция тілшісіне берген сұхбатында келісімге қатысты сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Бұл келісім туралы толығырақ түсіндіріп берсеңіз. Құжаттың негізгі мақсаты қандай?
– Бұл келісім қазақстандық кәсіпкерлер үшін Иран нарығына шығуға жол ашады және екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. 90 миллионға жуық халқы бар Иран нарығы отандық өнімдерге үлкен сұраныс тудыруы мүмкін, әсіресе қазіргі күрделі экономикалық жағдайда бұл маңызды рөл атқарады. Осы келісім аясында Иранмен шекаралас халқы тығыз орналасқан Түркия, Әзербайжан, Армения, Түрікменстан, Ауғанстан, Пәкістан, Ирак сияқты елдермен, сондай-ақ Иранның оңтүстігіндегі Парсы шығанағы арқылы теңізбен шекаралас Катар және Сауд Арабиясымен де болашақта сауда-саттық көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Бұл елдермен ынтымақтастықты кеңейту Қазақстан үшін экспорт географиясын ұлғайтып, отандық өнімдерді жаңа нарықтарға шығаруға жол ашады. Сонымен қатар осы бағытта логистикалық және көлік дәліздерін дамыту, тарифтік жеңілдіктерді пайдалану және бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы экономикалық байланысты тереңдетуге мүмкіндік бар. Сауда-саттықты арттыру аймақтық тұрақтылық пен серіктестікке де оң әсерін тигізеді.
Айта кетейін, 2023 жылдың 25 желтоқсанында Санкт-Петербург қаласында Еуразиялық экономикалық одақ пен Иран арасында еркін сауда туралы келісімге қол қойылды. Оның мақсаты – сауданы жеңілдету, нарыққа қолжетімділікті арттыру және инвестиция тарту арқылы экономикалық ынтымақтастықты күшейту. Бұл келісім екі тараптың да сауда-саттық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Келісімге сәйкес, 85%-дан астам тауар үшін импорттық кеден баждарын жою қарастырылған. Еркін сауда аймағын құру қазақстандық өндірушілер үшін жаңа нарықтарды ашады, әсіресе, бұл ауыл шаруашылығы, металлургия және химия өнеркәсібіне қатысты. Сондай-ақ, Ираннан Қазақстан экономикасына инвестициялар тартуға қолайлы жағдайлар жасайды. Қазақстан халықаралық сауда процесіне интеграцияланады. Отандық өнімдердің сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілеттілігі артады. Болашақта бұл экспорттық әлеуеттің артуы мен валюталық түсімдердің өсуіне әкеледі. Өңдеу өнеркәсібінің дамуы жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Импортқа келсек, қазақстандықтар Иран тауарларының кең ассортиментіне қол жеткізе алады және кеден баждарын жою арқасында олардың бағасы төмендейді.
– Келісім негізінде Иран тарапы да тауар түрлеріне қатысты кедендік әкелу баждарын алып тастайды делінген. Бұл қандай тауар түрлеріне қатысты болмақ?
– Иран 88%-ға жуық тауарлық номенклатурасына, оның ішінде жүгері, қарақұмық, ірі қара мал еті, шоколад, күнбағыс майы, болат, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы техникасына баж салығын алып тастайды. Баж салығы алынып тасталса, Иран нарығында қазақстандық тауарлардың бағасы айтарлықтай төмендейді, бұл біздің өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Сонымен қатар отандық экспорттың өсуін ынталандырып, әсіресе ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте жүрген жергілікті өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Әрине, Ираннан технологиялар мен инвестициялар тарту да үлкен маңызға ие.
Иран тарапынан баж салығы алынып тасталған тауар түрлеріне жеке-жеке тоқталсам. Ауыл шаруашылығы өнімдерінен: жүгері, қарақұмық, соя майы, қой еті, ірі қара мал еті, субөнімдер, шұжық, күркетауық және тауық консервілері. Азық-түлік өнімдерінен: шоколад, балмұздақ. Металлургия өнімдерінен: легирленбеген және легирленген болат прокаты, бұрыштық профильдер, темір немесе легирленбеген болат сымдар, бұранда мен болттар, тігіссіз, дәнекерленген және шегеленген құбырлар, құбырларға арналған фитингтер. Ағаш және қағаз өнімдері: қылқан жапырақты ағаш тақталар, желімделген фанера, өңделмеген ағаш-жаңқа плиталары, ағаш түйіршіктері, газет қағазы. Химиялық өнімдер: тыңайтқыштар, оның ішінде калий және азот тыңайтқыштары. Көлік және техника салалы бойынша: моторлы көліктер, жол-құрылыс техникасы (бетон араластырғыштар, автокрандар, бульдозерлер), ауылшаруашылық машиналары (сепкіштер, қопсытқыштар, культиваторлар).
Сондай-ақ, тарифтік квота аясында бидай, арпа, құс еті, сүт сарысуы, асбұршақ, ноқат, ноқат тұқымы, бұршақ, күнбағыс тұқымы, шикі күнбағыс майы, шикі рапс майы, өсімдік майлары, маргарин, қант тауарларына баж салығы алынбайды.
Бұл шаралар қазақстандық өнімдердің Иран нарығына кедергісіз өтуін қамтамасыз етіп, экспорт әлеуетін арттырады.
– Осы уақытқа дейін Қазақстан мен Иран арасындағы алыс-беріс көлемі қандай болды? Келісім ратификацияланған жағдайда бұл көрсеткіш қаншаға артуы мүмкін?
– Осы келісім күшіне енгеннен кейін Қазақстаннан Иранға экспортталатын бидайға баж салығы (3 млн. тоннға дейін) мүлдем салынбайтын болады. Ираннан сапалы өнімдердің импорты, кеден баждарын алып тастаумен қатар, қазақстандықтардың шығынын айтарлықтай төмендетеді. Бұл Қазақстан мен Иран арасындағы сауда қарым-қатынасының маңызды бөлігін құрайды және екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуда үлкен рөл атқарады. Келісімді ратификациялау сауда кедергілерін азайту мен экспорттық ассортименттің кеңеюі есебінен тауар айналымын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Келісім екіжақты сауданың 20-30%-ға өсуіне алып келуі мүмкін. Бұл шағын және орта кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық байланыстардың кеңеюі Қазақстанның транзиттік хаб ретіндегі позицияларын нығайтады. Валюта түсімдерінің де өсуі күтіледі, бұл макроэкономикалық тұрақтылыққа оң әсер етеді. Сонымен қатар, бұл экспорттық операцияларды қолдауға арналған инфрақұрылым мен логистика саласының дамуына серпін береді.
– Қазақстан Иранға қандай тауар түрлерін экспорттайды және бұл елден қандай өнімдерді импорттап отыр?
– Қазақстан Иранға астық, ұн, майлы дақылдар, металдар мен химиялық өнімдер экспорттайды. Ираннан киви, гранат, пісте, құрылыс материалдары, тыңайтқыштар мен әйнек импортталады. Стратегиялық маңызды тауарлар, мысалы, астықтың тұрақты жеткізілуі Қазақстанға Иран нарығында басымдық позицияларын сақтап қалуға мүмкіндік береді. Экспортталатын өнімдер ассортиментінің кеңеюі Қазақстанның Иран нарығындағы үлесін арттырады. Ираннан сапалы өнімдердің импорты, кеден баждарын алып тастаумен қатар, қазақстандықтардың шығынын айтарлықтай төмендетеді. Сондай-ақ, бұл сауда саласында шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтеді.
– Жалпы бұл келісімнің негізінде қандай нәтижелерге қол жеткізуге болады?
– Күтілетін нәтижелерге келсек, тауар айналымының өсуі, қазақстандық тауарлардың Иран нарығына қолжетімділік шарттарының жақсаруы, ЕАЭО-ның инвестициялық тартымдылығының нығаюы. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық саудада белсенді қатысушы ретінде өз позицияларын нығайтады. Жаңа нарықтарға қол жеткізу арқылы кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, сондай-ақ энергетика мен өңдеу өнеркәсібі сияқты негізгі салаларға ирандық инвесторларды тарту мүмкіндіктері туралы айтуға болады. Жалпы, бұл келісімнің ратификациясы Қазақстан мен Иран арасындағы тығыз серіктестікті дамытудың негізін қалап, сауда, инвестиция және технологиялық алмасуды ынталандырады.
Сонымен қатар еліміз көптеген елдермен кедендік салықтарды жеңілдетіп, халықаралық деңгейде сауда-саттықты дамытуға бағытталған маңызды келісімдер жасады. Бұл келісімдер қазақстандық өнімдердің шетелдік нарықтарға шығуын жеңілдетіп, экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай келісімдердің бірін Мәжіліс осы аптада Сингапурмен де еркін сауда туралы құжатты ратификациялайды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сингапур арасындағы сауда айналымы 1,8 миллиард долларДЫ құрап отыр. Қазақстаннан Сингапурға экспортталатын негізгі тауарлар: шикі мұнай – 1,7 миллиард доллар (жалпы экспорттың 99,9%-ы), мыс және мыс катодтары – 1,8 миллион доллар (0,11%-ы). Ал, Сингапурдан Қазақстанға импорт көлемі 81 миллион АҚШ долларын құрады. Импортталатын тауарлар: ұшу аппараттары, ортопедиялық құрылғылар мен протездер, физикалық және химиялық талдауға арналған аспаптар, дәрілік заттар, телефон аппараттары, құбырларға арналған арматура. Бұл келісім екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетіп, сауда-саттық көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.