Қазақстандық көлікті Ресейде қалай есепке қоюға болады?

28818

Қазақстаннан автокөлік сатып алып, оны Ресейде есепке қоймақ болсаңыз, қолыңызда нотариуспен расталған сатып алу-сату шарты болуға тиіс.

Қазақстандық көлікті Ресейде қалай есепке қоюға болады?

Ресейде жүргізу үшін Қазақстаннан көлік сатып алу қиын емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын баж салығындағы айырмашылықты төлеп, ресейлік кеденде жаңа КҚП (көлік құралының паспорты) алу және көптеген тиісті құжаттар жинау қажет еді, қазір оңайырақ. 

Дегенмен бірқатар шектеулер бар. Нақтырақ айтсақ, Ресейде шыққанына 10 жылдан асқан көліктерді бастапқы есепке қоюға тыйым салынған, ол тіпті ЕАЭО елдеріне тиесілі болса да (Еуро 4 және 5 экостандартының талаптарына сай). Рөлі оң жақтағы көліктерді де тіркемейді (Бұл талаптың Ресейге қоныс аудару бағдарламасымен барған көлік иелеріне қатысы жоқ. Оларға бір отбасына бір автокөлікті кіргізуге болады және көліктің жасы мен рөлінің орналасуы маңызды емес). Сонымен қатар, қазақстандық көлікті Ресейде тіркеу барысында оның иесіне утилизациялық алым төлеуге тура келеді. Жеңіл автокөлікті әкелетін жеке тұлғалар көлік қозғалтқышының көлеміне қарамастан, шығарылғанына үш жылдан аспаған темір тұлпар үшін 3 400 рубль, ал одан ескі көліктер үшін 5 200 рубль төлейді.

Егер сіз Қазақстаннан автокөлік сатып алып, оны Ресейде есепке қоймақ болсаңыз (тіркеуден шығарып), қолыңызда нотариуспен расталған сатып алу-сату шарты болуға тиіс.

Темір тұлпарды елден шығармас бұрын алдын ала оның Еуро 4 экостандарына сәйкестігін растайтын сертификат алу қажет. (Көлік құралдарымен жұмыс істейтін кез келген сертификаттау орталығынан). Бұл құжатсыз Ресейде КҚП алу қиын болады. Одан бөлек, көлікті техникалық тексерістен өткізу керек немесе диагноситкалық картаның көшірмесін алу қажет (ресейлік жол сақшыларын тыныштандыру үшін). Әрі қарай автокөлікті қазақстандық есептен шығарып, транзиттік нөмір алып (әрекет ету мерзімі –10 күн, тағы сондай мерзімге ұзартуға мүмкіндік бар), уақытша сақтандыру рәсімдейсіз. Ал Ресей шекарасында РФ-ның сақтандыруын алу керек.

Қазір транзиттік нөмірлер толыққанды мемлекеттік нөмір болып саналады, тек олардың әрекет ету мерзімі шектелген. Тәртіп сақшылары түнде транзиттік нөмірмен жүретіндерді ұнатпайды, дегенмен бұл үшін қандай да бір айып тағуға құқықтары жоқ. Бұрын "Транзит" нөмірлерімен тек тіркеу орнына баруға ғана міндеттейтін норма болатын. Бірақ оның күші жойылды.

Дәл Қазақстандағыдай, Ресейде де эксаумақтық құқық қағидасы өз күшінде. Яғни, көлікті тұрғылықты жерде ғана емес, кез келген аймақта есепке қоюға болады. Тіркеу үрдісі стандартты түрде жүзеге асады – құжаттар өткізіп, біраз күтесіз және нөмір мен техникалық құжат аласыз.

Олжас Оқас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу