Қазақтың қызанағының өзбектікінен дәмі қымбат

3203

ОҚО-ның Сарыағаш ауданы диқандары оңтүстік көршілермен бәсекелесе алмайтындарын айтып отыр. 

Қазақтың қызанағының өзбектікінен дәмі қымбат

ОҚО-ның жылыжай шаруашылығы иелері Өзбекстанмен арадағы шекараны ашқаннан бері өз өнімдерінен пайда көру қиындағанына шағымданып отыр. Жақында Сарыағаш ауданының отыз шақты шаруасы тіпті журналистердің көмегіне жүгінген. Олар жылыжай салу шығынын өтеуге уәде етілген мемлекеттен берілетін субсидияны әлі күнге алмағандарын, тіпті оның сомасы мен пайызы белгісіз екенін айтты. Ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ОҚО-ға жұмыс сапарымен келген кезде белсенділік танытқан диқандар проблемаларын айтып үлгерген екен.

"8 мамыр күні ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевпен кездесуде болдым. Министр: "Біздің жеміс-жидек пен көкөністің бағасы арзан, ал олардікі қымбат болу үшін Өзбекстаннан қалай асып түсуге болады?", – деп сұрады. Мен оларда газ бізден төрт есе арзан, ал электр энергиясы үш есе арзан, ал жұмыс күші 800 теңге тұрады, ал бізде жұмыс күшінің орташа бағасы үш мың теңге, сонымен қатар оларда климат жақсы, көктем бізден бір ай бұрын шығады деп жауап бердім. Министр не істеуге болатынын сұрады. Оған мен энергоресурстардың бағасын төмендетуді үкімет шешу керек, ал әзірге бұдан шығар жалғыз жол халыққа субсидия беру керек екенін айттым", – деп әңгімеледі Қапланбек ауылының шаруасы Рузмат Асулматов.

Субсидиясыз жұмыс істеу мүмкін еместігін басқа жылыжай иесі Нұрәлі Шоалив те айтып отыр. Ол қияр мен қызанақ өсіреді. Егер бұрын оның өзіндікқұны 180 теңге болса, енді 300 теңге. Ал өзбектердің қызанағы мен қияры қазір базарда 250 теңгеден сатылып жатыр. Олар жылу мен электр энергиясына шығын шығармай ерте пісетін көкөністерді өсіретін көршілермен бәсекелесу мүлдем мүмкін болмай отырғанын алға тартады. Ал осы үш жыл ішінде жылыжайға кеткен шығын үш есе өскенін айтқан бақшашылар, жылыжай шаруашылығын АӨК-тің ең бейнеті көп секторы екенін атап кетті.

"Мен осыдан бір жыл бұрын жылыжай салдым, оны салуға 15 млн теңге кетті. Көлемі бір гектар. Ал былтыр салған жылыжайым 45 млн теңге болған. Айырмашылық қандай. Тұқым, улы химикат, минералды тыңайтқыш сататындарды қарызға беруге көндіріп, қызанақты сатып болғасын есептесеміз дегенмін. Жақында енді қарыздарын сұрайды. Шығындарымызды пайдамыз жабады. Ал субсидиялардың мәселесі әлі күнге дейін белгісіз, ал бізге тықыр таянып қалды", – дейді дихандар.

30 диқанның әрқайсысының басында несие бар, олар несие алу үшін үйлерін кепілге қойған. Өйткені банк жылыжайды кепілге алмайды деп отыр шаруалар. Егер субсидия болмайтын болса, онда жұмыскерлерді босату керек, ал әрқайсысында жоқ дегенде 20 адам істейді. Алайда аудандық ауылшаруашылығы бөлімі субсидияның маусымда болатынын айтып, күте тұруды өтініп отыр. Ал диқандар болса соңғы өнімді 20 маусымда жинап алғаннан кейін, комиссияға қанша отырғызып, қанша жинағанын дәлелдей алмаймыз деп уайымдайды.

"Субсидия 10 жылдан бері беріліп келеді. Жыл сайын маусымда алады. Субсидия болмайды деген әңгіме жоқ. Қашан беретінін біз білмейміз, бірақ облыстық ауылшаруашылығы басқармасына бірнеше рет ұсыныспен шықтық", – деп түсіндірді ОҚО Сарыағаш ауданының ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Қайрат Әуешов.

Шаруалар субсидиядан басқа жылыжайға арналған шығыс материалдарының, тіпті көмірдің сапасына мониторингті күшейтуді сұрап отыр. Былтыр оңтүстікте қыс қатты болып, өңірге әкелген көмірді жағу мүмкін болмаған. Ол біріншіден қымбат, екіншіден дымқыл болған. Бұған тек жылыжай иелері ғана емес, қарапайым халық та шағымданған. Мемлекеттің қолдауы болмаса сарыағаштық бақшашылар шығыны аз ауылшаруашылығы дақылдарын, мысалы, қырыққабат өсіруге көшпек.

ОҚО-дағы жылыжай ауданы 1325 гектарға жеткен. Бұл еліміздегі үлестің 80%-ын құрайды. Яғни еліміздегі жылыжайлардың 50%-ы немесе 663 гектары Сарыағаш ауданына тиесілі.

Гүлназ Ермағанбетова, Мира Бахытова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу