17 жастағы Софья Самоделкина Қытайдағы Азия ойындарында қысқа бағдарламада төртінші орынға табан тіреді. Тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы София Фарафонова қысқа бағдарламада 8-ші нәтиже көрсетті.
Спортшыларымыз ертең, 13 ақпанда сағат 10:00-де қыздар арасында еркін бағдарлама сынға түседі. Оған 24 мәнерлеп сырғанаушы қатысады.
Қысқа бағдарламадан кейінгі топ-5 спортшы:
1. Каори Сакамото (Жапония) - 75.03
2. Ким Чхэён (Корея) - 71.88
3. Хана Ёсида (Жапония) - 68.76
4. Софья Самоделкина (Қазақстан) - 63.31
5. Ань Сянъи (Қытай) - 62.96
2025 жылы Софья Қазақстан чемпионы атанып, Италияның Турин қаласында өткен Дүниежүзілік студенттік ойындарда қола медаль жеңіп алды.
Софья техникалық тұрғыдан күрделі бағдарламаларды орйындау шеберлігімен танымал. Оның ішінде төрттік секірулер мен үштік аксельді орындау бар.
Ол халықаралық жарыстарда төрттік секіруді орындаған тарихтағы тоғызыншы әйел және үштік аксельді орындаған он бесінші спортшы атанды.
Айта кетейік, 17 жастағы Софья Самоделкина 2023 жылдың жазында Ресейден Қазақстанға спорттық азаматтығын ауыстыру туралы шешім қабылдады.
2024 жылдың мамыр айында оның Қазақстан құрамасы сапына ресми түрде қосылуы мақұлданды. Ал тамыз айында ол ұлттық құраманың мүшесі ретінде тіркелді.
Қазіргі уақытта Софья қазақстандық маман Эльмира Тұрғанованың жетекшілігімен жаттығады.