Шымкентте өтіп жатқан нысана көздеу мен стенд атудан XVI Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында кезекті рекорд тіркелді.
10 метр аралас ырғақта жылжымалы нысана көздеуде Қазақстан-1 командасы топ жарып, жаңа тарихи көрсеткішке қол жеткізді.
Рамазан Хусаинов, Шахзод Ирназаров пен Валат Мусаев үштігі 1065 ұпай жинап, Азияның жасөспірімдер арасындағы жаңа рекордын орнатты. Күміс жүлде Қазақстан-2 командасына, қола жүлде Өзбекстан құрамасына бұйырды.
Жасөспірімдерден бөлек, ересектер арасында да Қазақстан-1 құрамасы жеңімпаз атанды. Асадбек Назиркульев, Андрей Худяков және Даниил Яковенко үштігі қарсыластарына еш мүмкіндік бермеді.
Азия чемпионаты барысында ересектер мен жасөспірімдер санатында 10-нан астам әлемдік және құрлықтық рекорд жаңарды. Жарыс 30 тамызда мәресіне жетеді.