Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері атанды

264

Оқушылар арасындағы ең беделді халықаралық пәндік олимпиадалар басталды: IChO, IPhO, IMO, IBO, IGeO, IOL, IOІ.

Қазақстандық оқушылар әлемнің үздік жас химиктері атанды Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Бұл маусымды Қазақстан оқушылары сүйінші жаңалығымен бастады. Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad, IChO-2025) еліміздің атынан қатысқан 4 оқушының бәрі жүлдеге ие болды, оның 2-еуі – алтын медаль, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Олимпиада 5-14 шілде аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Әлемнің 93 елінен 360-тан астам оқушы қатысқан бұл зияткерлік додада Қазақстан ұлттық құрамасындағы төрт оқушы тамаша нәтиже көрсетіп, еліміздің жас химиктерінің көшбасшылық мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.

  • Кирилл Ким – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Абылай Кабдулхадыр – Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Еңлік Бақытбекова – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы;
  • Аңсар Жақсылықов – Ақтөбе облысындағы "Білім-инновация" лицейінің 10-сынып оқушысы.

Ұлттық құрамаға ғылыми жетекшілік еткен:

  • Санжар Бегдаир – Korea Advanced Institute of Science and Technology (KAIST) магистранты, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпазы;
  • Ринат Илюсизов – бірнеше мәрте халықаралық және республикалық олимпиада жеңімпазы.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев біздің оқушыларымыздың жетістігі - қазақстандық білімдің әлемдегі биік мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті.

"Бұл жеңіс – жас буынның жарқын болашағына жол ашатын берік негіз деп сенемін. Жетістіктеріңіз еселене берсін, алар асуларыңыз биік болсын! Еліміздің дамуына үлес қосатын білімді де талапты азамат болып өсулеріңізге тілектеспін", – деп жазды министр өзінің ресми парақшасында.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының қолдауымен, ұлттық құрама бірқатар халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, биылғы оқу жылында еуропалық және халықаралық олимпиадаларда 100% нәтиже көрсетіп үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу