Қазақстандық оқушылар шахматтан Әлем чемпионатында күміс пен қола жеңіп алды

818

Ақтауда Шахматтан мектеп командалары арасындағы Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.

Қазақстандық оқушылар шахматтан Әлем чемпионатында күміс пен қола жеңіп алды

Кіші жастағы (12 жасқа дейінгі) топта Velammal MHS Mogappair командасына тең келер қарсылас табылмады - Үндістаннан келген оқушылар барлық сегіз кездесуде жеңіске жетті. Бұл туралы Қазақтан шахмат федерациясы хабарлады. Екінші орын мен күміс медальдар Украинаның Lviv Academic Gymnasium (Львов қ.) командасына бұйырды. Үшінші орынға бірден бес команда таласты, олардың төртеуі Қазақстан намысын қорғаған еді. Қола жүлдегер қосымша көрсеткіштер бойынша анықталды. Нәтижесінде медальдар Астана қаласының Республикалық физика-математика мектебінің Аланбек Жайназаров, Әмір Жүкенов, Мирас Хасенов, Айсұлтан Әнетов есімді оқушыларының қанжығасында кетті.

Ересектер тобында (18 жасқа дейін) түркиялық Istanbul ENKA High School командасының шахматшылары турнир аяқталуға бір күн қалғанда алтын медаль алудың қамын жасауда алдына жан салмады.

Алматылық оқушылар айрықша төзімділігі мен жеңіске деген жігерін көрсетті. Чемпионаттың қорытынды күнінің қарсаңында олар жетінші орынға ғана қол жеткізе алған еді. Бірақ 7-ші және 8-ші турдағы екі жеңіс РФМШ командасына (Алматы қ.) командалық ұпайлар бойынша Үндістан командасын қуып жетуге, ал қосымша көрсеткіштер бойынша қарсыластарынан тіпті асып түсіп, күміске қол жеткізуге мүмкіндік берді. КҮміс жүлдегерлер арасында Эдгар Мамедов, Иманғали Ахилбай, Әмір Иген, Зарина Нұрғалиева, Әлихан Дәулет бар. Өз кезегінде үнділік Velammal Vidyalaya Alapakkam (Ченнаи қ.) командасының оқушылары қола медальға ие болды.

Жеңімпаздарға сый-құрмет көрсету рәсімінде Қазақстан Шахмат федерациясы Президенті Тимур Турлов аталмыш турнир Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің спорттық өміріндегі маңызды оқиғаға айналғанын атап өтті.

"Бүгін мұнда әлемнің 50-ден астам елінен ондаған команда жиналды. Бұл - бүкіл әлемде шахмат қозғалысының ерекше танымалдығының және Қазақстанның әлемдік шахмат саласындағы ықпалының айқын көрсеткіші. Осы турнир жүздеген жас шахматшылардың мансабының бастамасына айналғанына, сонымен қатар жаңа достар және ниеттес жолдастар табуға, Ақтаудың әсем жерлерін тамашалауға және қазақ мәдениетімен жақынырақ танысуға ​​мүмкіндік бергеніне сенімдімін", - деді Тимур Турлов.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев алдағы уақытта мұндай турнирлер Ақтауда жалғасын табатынына сендірді.

"Бірнеше күн бойы өткен халықаралық шахмат турнирі аяқталды. Осы стратегиялық маңызы бар сайыста біздің оқушылар тапқырлықтарын, терең білімдерін, тіл табыса білу дағдыларын көрсетті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен шахматтан әлем чемпионатының ашылуында айтқандай, шахмат – адам ақылын шыңдайтын спорт. Бұл ақыл-ойды дамытатын қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар адамның санасына оң әсер ететін құнды құрал. Осы спорт түрімен шұғылданатын балаларымыз бен жасөспірімдеріміз тапқырлық пен жасампаздық қабілеттерін шыңдап, айналасына үлгі болады", - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Чемпионаттың жабылу салтанаты Каспий теңізінің жағалауындағы Амфитеатрда өтіп, әсерлі отшашумен аяқталды. Ересектер тобында бірінші орын алған Түркия командасының ойыншысы Ишик Джан атап өткендей, чемпионат барлық қатысушылар үшін ғаламат шахмат мерекесіне айналды. "Мен бұрын-соңды шахмат жарыстарында мұндай керемет қойылым көрген емеспін. Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті", - деді шахматшы.

Еске сала кетейік, чемпионат 4-7 тамыз аралығында өтіп, әлемнің 53 елінен 400-ден астам мектеп оқушыларының басын қосқан болатын. Шараны Халықаралық және Қазақстан Шахмат Федерациялары ұйымдастырды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу