Қазақстандық өнімнен бас тартқан көрші ел күтпеген қиындыққа тап болды

258

КСРО күйреген тұста, 1991 жылы Қазақстандағы көмір өндірісі 130,4 млн тоннаны құраған болатын.

Қазақстандық өнімнен бас тартқан көрші ел күтпеген қиындыққа тап болды Фото: canva

Оның 27%-ы немесе 35 млн тоннадан астамы еліміздегі байыту фабрикаларында байытылды және кокс өндірілді. Ішкі тұтыныстан қалғаны – 40%-ы шетелге, негізінен Ресейге экспортталды.

Алайда 90-шы жылдардың соңында – 2000-шы жылдардың басында Ресей қазақстандық, әсіресе, екібастұздық қоңыр көмірден жаппай бас тартуға көшті. Мұның соңы кеңес заманынан РФ-қа экспорттауға жұмыс істеп келген "Богатырь" разрезінде қазу және өндіру жұмыстарының тоқтауына және "Богатырь Аксесс Көмір" ЖШС-інің алапат шығын шегуіне соқтырды.

Сол кезде Екібастұз қаласы да тоқырады, Павлодар облысы экономикалық, қаржылық және бюджеттік апаттың алдында тұрған еді. Қала сол дағдарыстан шыққанымен, бүгінде де жағдайы мәз емес.

Кеңес одағының бұрынғы Көмір өнеркәсібі министрі Михаил Щадовтың мәліметінше, Ресей бұрындары жыл сайын 25-28 миллион тоннаға дейін екібастұздық қоңыр көмірді сатып алатын. Ресейлік Омбы, Челябі, Свердлов облыстарындағы 8 ірі электр станциясы, сондай-ақ Черепетск ГАЭС (ГРЭС), Қорған ЖЭО мен ГАЭС және басқасы Екібастұздан көмір тасып жақты.

Жайық пен Батыс Сібір өңірлерінде де кеңес заманында дәл осы қоңыр отынмен "қызу" үшін арнайы жобаланған электр станциялары жұмыс істеді. Жалпы алғанда, бір ғана Екібастұз кеніштері Ресейдің қатты отынға деген бүкіл қажеттілігінің 20 пайызын қанағаттандырды.

Соған қарамастан, 2000-шы жылдардың басында РФ ұланғайыр шығын шығарып, өз станцияларын екібастұздық көмірден кузбастық көмірге көшірді. Мұндағы басты дәйектеме – Екібастұздың қоңыр көмірінен күл көп қалатыны болды. Шынында, оның кейбір қатпарларынан шыққан қатты отынның 47%-ға дейінгісі күлге айналады.

Алайда оған балама ретінде ұсынылған Кузбасс коксті көмірінің сипаттамалары тіпті нашар еді. Біріншіден, ол барлық мұржаларды, басқа да жабдықтарын күйе-шлакпен тез көмкеріп, қалың қабат етіп жауып тастайды. Салдарынан, жылу-электр орталығының жабдықтары жылдам істен шығады, жөндеу шығындары көп.

Екіншіден, екібастұздық көмірдің құрамындағы күкірт Кузнецкідегіден 4 есе аз. Үшіншіден, Екібастұз көмірінің үлкен бір артықшылығы – ылғалдылығының төмендігі: құрамындағы ылғалы 5%-ға да жетпейді. Сыртта үскірік аяз пен қатты ызғар үстемдік еткенде, ресейліктен айырмашылығы сол, біздің көмір ұнтақ, жұмсақ күйде қала береді. Ең бастысы, мамандардың түсіндіруінше, тез тұтанғыш коксты кузбастық көмірде жарылыс қаупі жоғары болып келеді.

Бірақ ХХІ ғасыр басында қазақстандық және ресейлік сарапшылардың алға тартқан осы және басқа дәйектемелерін РФ үкіметі назарға алмады. Станцияларды кузбастық көмірді жағу үшін қайта құру сыртында, солтүстік көрші қазақстандық көмірге транзиттік тариф дегенді енгізді. Салдарынан екібастұздық көмірді Ресей аумағына тасымалдау құны шикізаттың өз құнынан 3 есе асып түсті. Яғни, ол ресейлік нарықта бағасы жөнінен бәсекеге қабілетсіз болып қалды.

Мұнымен шектелмеген шенеуніктер РФ территориясына енгізілетін көмірлерді міндетті сертификаттау енгізді. Оның талабы бойынша көмірдің күлдену үлесі 45%-дан аспауы шарт. Екібастұздық "қара алтын" төл "табиғатынан" бұл талапқа сәйкес келе алмайды. Осылайша, бағасы арзандау Екібастұздың көмірін РФ-ке өткізу мүмкін болмай қалды.

Мұның ақыры неге соқтырды?

Ресейлік экономист Игорь Липсицтің хабарлауынша, жергілікті көмірдің удай қымбат болып кеткеніне байланысты электр станциялары мен жылу-электр орталықтары жыл сайын, биыл – жылына бірнеше рет тарифтерін көтеруге мәжбүр. Бұрын ресейлік көмір халыққа қолжетімді болуы үшін өңірлік басшылықтар оның құнын жергілікті бюджет есебінен субсидиялайтын. 2025 жылы өңірлердің бюджеттік дефицитінің орасан зор көлемге жетуіне орай бұл тәжірибеден бас тартылды.

"Бұл жерде Кузбасс орналасқан Кемеров облысы жарқын мысал бола алады. Бұл – Ресейдің көмір өндіретін өңірі! Онда жеке сектор, барлық ЖЭО-лар толығымен көмір жағады. Бұған дейін кемерліктер "сортты көмір" аталатын сапалы қатты отынды тұтынып келді. Бірнеше жыл бұрын оның бағасы шырқырап, халық үшін тым қымбат болып кетті. Сонда Кемеров облысы көмір бағасын дотациялауға кірісті. Биыл өңір банкроттық алдында тұр, облысқа таяуда ВТБ мен Сберден, яғни, коммерциялық банктерден қарыз алуға тура келді. Көмір өнеркәсібі күйреп жатыр, тиісінше, салық төлеуді доғарды. Сала шығынға белшеден батуда", – деді экономист Липсиц.

Бүгінде Қазақстанда да көмір қымбаттады, соған қарамастан, екібастұздық көмір (1 тоннасы 19 мың теңгедей) бағасы жөнінен кузбастық көмірден (77-80 мың теңгедей) 4 есеге жуық арзан. Егер осы қолжетімді көмірді РФ өз нарығына енді еркін жіберсе, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің тарифтері де арзандап, ресейлік тұтынушыларға түсетін ауыртпалық азаяр ма еді.

"Тапшылық кесірінен жергілікті бюджеттер сортты көмірді сатып алуды қаржыландырудан бас тартты. Содан кемерліктер екі жылдан бері көмірдің шаң-тозаңын (угольная пыль) жағуға мәжбүр. Ол жеткілікті дәрежеде қызу бөлмейді, есесіне экологияны бүлдіреді, қолқаны қабатын ауыр иіс бөледі. Алайда өңірде басқа көмір жоқтың қасы", – деді экономист Игорь Липсиц.

"НТВ" телеарнасының сюжетінде көрсетілгендей, Кузбасста ("Кузнецк көмір бассейні" деген сөздер құралған) үйлерді көмірмен емес, топырақпен және шаң-тозаңмен жылытып келген. Жергілікті тұрғындар соның кесірінен пәтерлердегі температура 14-17 градустан жоғары көтерілмейтініне шағымданады.

Сортты көмір биыл кузбастықтарға дотациясыз, коммерциялық бағасымен – тоннасы үшін 11 500 рубльден жоғарыға сатылуда. 2025 жылғы ақпанда ғана оның әр тоннасына 4 500–5 000 рубль сұраған еді. Бұл туралы "Аргументы и Факты" жазды. Мұндай қымбаттау тұрғындардың төбе шашын тік тұрғызды: олар сыртта жиналып, видеоүндеулер жазып, петицияларға қол қоюда.

"Бізді сұрыпты көмірден айырды. Тек топырақ пен шаң-тозаңды қалдырды. Ол жанады, бірақ жылуы аз. Егер дәл қазір аяз қысса, адамдар түнде қатып қалады", – делінген кемерліктердің бір шағымында.

Кемеров облысының қазіргі губернаторы Илья Середюк ақталып әлек. Оның түсіндіруінше, бұрынғы жылдары көмір өндірушілермен сұрыпты көмірге жеңілдік туралы келісу мүмкін болатын. Алайда "қазіргі кезде сала алапат қиындыққа тап болды, сондықтан көміршілер жеңілдік бере алмайтындарын мәлімдеді".

Қазақстандық көмірден бас тарту, оның ресейлік нарыққа еркін шығуына тосқауыл қою көршіге көмектеспеді. Кузбасс басшылығының дерегінше, 2024 жылы 8 көмір кәсіпорны банкрот болды. Биылғысы одан да көп болуы ғажап емес.

Deutsche Welle хабарлауынша, бүгінде ресейлік көмір саласы кәсіпорындарының 74%-ы – шығынды (убыточные). Бұл туралы 21 қарашада РФ Энергетика министрлігінің көмір өнеркәсібі департаментінің директоры Дмитрий Лопатин энергетика жөніндегі мемлекеттік кеңестің отырысында жария етті.

"23 кәсіпорын өндірісін тоқтатты. Көмір өндірісі үшінші жыл қатарынан құлауда. 2022 жылы 443,6 млн тоннадан 2024 жылғы 438,6 млн тоннаға дейін кеміп кетті. Жыл соңында шығын көлемі рекордтық 350 млрд рублге жеткелі тұр", – деді Лопатин.

Айта кету керек, Ресейде бүгінде жоғары сапалы қазақстандық Шұбаркөл көмірі танымал. 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан жалпы көлемі 18,7 млн тонна ғана көмір мен туынды өнімдерін шетелге экспорттап, одан 381,4 млн доллар табыс тапты.

Оның 60%-ы – негізінен тасты көмір Ресейге жөнелтілді: жыл басынан бері солтүстік көрші 11,3 млн тоннасын небары 114,8 млн долларға сатып алды.

Тиісінше, көмір сатудан көп пайда алыс шетелден түседі: Польшаға – 2,4 млн тонна, Түркияға – 1,3 млн, Үндістанға – 1,2 млн және Қытайға –426,1 мың тонна көмір өткізілді. Осы және басқа елдер 7,4 миллион тонна көміріміз үшін 266,6 миллион доллар төледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу