Қазақстандық өнімнің көп бөлігін Италия сатып алуда

6061

Ал Қазақстанға өнім импорттайтын елдердің көшін Ресей бастап тұр.

Қазақстандық өнімнің көп бөлігін Италия сатып алуда

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2019 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 28,7 млрд долларды құрады. Бұл өткен жылдың қаңтар-сәуір айымен салыстырғанда 0,1 пайызға төмен. Атап айтқанда, тауарлар экспорты 18,5 млрд долларды (1,2 пайызға азайған), импорт 10,2 млрд долларды (2 пайызға өскен) құрады. Осылайша, сыртқы сауда балансының оң сальдосы 8,3 млрд долларды (4,9 пайызға азайған) тең болды.

Қазақстан экспорттайтын негізгі тауарлардың ішінде мұнайды шетелге шығару көрсеткіші төмендеген. Естеріңізге сала кетейік, Қашаған кен орнындағы жөндеу жұмыстарына байланысты мұнай өндіру наурыз айында тәуілігіне 74 мың баррельге, ал сәуір айында тәуілігіне 230 мың баррельге қысқарды. Алайда жөндеу жұмыстары жоспарланған мерзімнен 10 күнге ерте аяқталып, кен орны 19 мамырда қайта іске қосылды.

Өткен аптада белгілі болғандай, жөндеу жұмыстарынан кейін Қашағандағы мұнай өндіру рекордтық деңгейге жетті. Яғни тәуілігіне 400 мың баррель мұнай өндірілуде. Ал жөндеу жұмыстарына дейін мұнда бір тәуілікте 330-340 мың баррель өндірілетін. Ағымдағы жылдың екінші жартысында Теңіз (42 күн) бен Қарашығанақта (28 күн) жоспарлы жөндеу жұмыстары басталады. Оған дейін мұнай өндірісінің өсетіні анық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақстандық экспорт құрылымындағы мұнайдың үлесі жыл басындағы 59,5 пайыздан 56,7 пайызға дейін төмендеді. Оның орны газ экспортының (5 пайызға дейін), бейорганикалық химиялық өнімдердің (3,5 пайыз), басқа да тауарлардың есебінен өтелді.

Негізгі экспорттық тауарлар:

Экспорттың негізгі үлесі (8,9 млрд доллар) Еуропа елдеріне тиесілі. Бұл Қазақстан экспорттайтын тауарлардың үлес салмағының 48,1 пайызына тең. Одан кейінгі орындарда Азия елдері (6 млрд доллар немесе 32,2 пайыз), ТМД елдері (3,2 млрд доллар немесе 17,3 пайыз), Америка елдері (0,3 млрд доллар немесе 1,8 пайыз), басқа елдер (0,1 млрд доллар немесе 0,6 пайыз).

Есепті кезеңде қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушылары қатарында Италия, Қытай, Ресей мемлекеттері тұр. Мәселен, Италия республиканың жалпы экспортының 16,1 пайызы (үлесі 3,8 пайызға төмендеді) иеленіп отыр. Сондай-ақ экспорттың 14,4 пайызы (4,3 пайызға көбейді) Қытайға, 9 пайызы (0,1 пайызға төмендеді) Ресейге тиесілі.

Қазақстандық өнімді сатып алушы елдер:

Тауарлар импортында негізгі өсім жеңіл автокөліктерге, дәрі-дәрмектер мен автобөлшектерге тиесілі. Ресейден бензин әкелуге тыйым салынғандықтан, мұнай және мұнай өнімдерінің импорты бойынша төмендеу байқалады. Қазақстанға өнім импорттайтын елдердің көшін Ресей бастап тұр. Импортталатын өнімдердің 39,5 пайызы немесе 3,9 млрд доллары Ресейге тиесілі. Одан кейінгі орында Қытай (Қазақстан импортының 16,3 пайызы) мен АҚШ (импорттың 4,4 пайызы) тұр. 

Негізгі импорттық тауарлар:

Дереккөз: Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу