Қазақстандық отбасыларға арналған "әлеуметтік" көмірді Ресей "ұрлауда"

4129

Тұтас 200 жылға жететін көмірі бар Қазақстанның неге оның экспортына тыйым салғаны белгілі болды.

Қазақстандық отбасыларға арналған "әлеуметтік" көмірді Ресей "ұрлауда" Фото: google.com

Он күннен соң, 1 маусымында Астанада үлкен салалық құрылтай – Қазақстан көмір өнеркәсібінің IV форумы өтеді. "Жаңа энергетикалық парадигма жағдайындағы көмір саласын дамыту мүмкіндіктері" тақырыбын арқау ететін, биік лауазымды тұлғалар шақырылған жиынға Үкімет қызу дайындалуда.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің сендіруінше, форумда отандық көмір өнеркәсібіндегі өткір, өзекті мәселелер талқыланады. Оның ішінде басты бір тақырып ретінде – қатты отынды шикізат түрінде шетелге шығара бермей, үлкен бөлігін байытып, өңдеу, ол үшін заманауи технологияларды енгізу, сөйтіп құны жоғары өнімдерді дайындау, көмір химиясы мен қара отынды таза әрі тиімді пайдаланудың басқа да жолдарын дамыту сөз болмақ. Бұдан бөлек, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыру мәселелері қамтылады.

Жиында осы саланы дамытудың тұжырымдамасы мен даму векторы айқындалатын көрінеді.

Көмір өнеркәсібі ұлттық экономикадағы маңызды салалардың бірі. Республикадағы электр энергиясының 70%-дан астамы осы отын түрінен өндіріледі.

Бұған қоса, сектор кокс-химия өндірісін 100% жүктеп отыр. Сонымен бірге коммуналдық-тұрмыстық сектордың мұқтаждықтарын, елдің жылу энергетикалық сұранысын толығымен өтеуде.

Алайда бұл жиынға сала бизнесмендері мен инвесторлар көңілсіз, тіпті түнеріп келетін түрі бар. Мемлекет кезекті рет олардың "қанатын қырқып" отыр.

Дәл құрылтай қарсаңында, алдағы жұмада Қазақстаннан көмір экспортына тыйым салынады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев "Көмірді және лигнитті әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы" №312 бұйрыққа қол қойды.

"Қазақстан аумағынан тас көмірді; тас көмірден алынған брикеттерді, шекем тастарды және қатты отынның ұқсас түрлерін: тозаң түріндегі немесе тозаң түріндегі емес, бірақ агломерацияланбаған тас көмірді (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 2701); гагаттан басқа лигнитті немесе агломерацияланған немесе агломерацияланбаған қоңыр көмірді (2702) автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", – делінген бұйрықта.

Қарабаевтың бұйрығы 2023 жылғы 26 мамырда күшіне енеді.

Бұл қадам бірқатар сарапшылардың таңданысын туғызды. Біріншіден, елде көмір қоры жетіп артылады. Екіншіден, қысқы жылыту маусымына дейін көп уақыт бар. Соған шейін көмір өндірушілерге экспортты өрістетіп, өздеріне де пайда табуға, бюджетті де түсіммен толықтыруға мүмкіндік берген жөн бе еді? Былтыр мысалы, мұндай тыйым жылыту маусымына дайындық басталғанда, тек 19 қыркүйектен бастап енгізілді.

Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының дерегінше, көмір қоры жөнінен Қазақстан дүниежүзінде көшбасшылардың ондығына кіреді. Жасырулы жатқанын, барланбағанын қоспағанда, біздің көмір ресурстарының барланған қорының өзі шамамен 34 млрд тонна. Бұл  кем дегенде 200 жыл өндіруге, тұтынуға және экспорттауға жетеді.

Сонда көмір экспортына тыйымның қажеті не?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаев ел аумағынан автокөлікпен көмірді сыртқа әкетуге уақытша тосқауыл қою ұсынысы Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) отырысында қолдау тапқанын алға тартты. ВАК мұны "орынды" деп таныпты.

Негізгі себеп ретінде ол жылыту маусымы қарсаңында "ажиотаждың" алдын алуды атады.

Яғни, осы арқылы Үкімет баға қымбатшылығын құрықтамақ. Өйткені тіпті қыстың қамын ерте ойлаған ауыл тұрғындарының өзі былтырғы маусым айында-ақ арзан көмірді таба алмай қиналды.

"Бұл қадам біріншіден, халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету кезінде дүрбелеңді болдырмау үшін қажет. Екіншіден, жылыту маусымын дайындау және өткізу кезеңінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін сақтау маңызды", – деп қысқа қайырды министр.

Демек, көмірден тапшылық туындатып, бағаны көтере қоятын делдалдар кесірінен көмір өндірушілер зардап шегіп отыр.

Бұған "Қазақстан темір жолы" да өз "үлесін" қосқандай: өткен жылы көміршілер өз өнімін өңірлерге тасуға вагон таппай дағдарғандарына шағымданды. Олардың тұспалдауынша, бұған пандемиядан кейін ауқымы күрт атқан Қытай жүк тасымалы кесірін тигізіп отыр: ҚТЖ отандық теміржолмен жүк тасуда Еуропаға тасқындаған қытайлық тауарларға басымдық беретін көрінеді. Бірақ ұлттық компания бұл пікірлерді жоққа шығарған.  

Сонымен бірге тыйымның енгізілуіне алаяқтар да ықпал еткені байқалады. Мемлекет ішкі нарыққа арналған арзандатылған көмірді өңірлерге қажетті көлемде, тіпті артығымен жеткізеді. Алайда қыс ортасында онысы түгесіліп, жетпей қалады. Ресеймен шекаралас өңірлеріміздің тұрғындарының хабарлауынша, ол көмір ізінше іргедегі елге өтіп кетеді.

Мұны жауапты тұлғалар да ішінара растаған еді.

"Уақытша тыйым тұрғындарға, сондай-ақ коммуналдық және әлеуметтік нысандарға арналған көмірдің шекаралас көрші елдің өңірлеріне автокөлікпен тасымалдануына байланысты енгізіліп отыр. Қазақстандық осы қатты отынды көршілес мемлекеттерде қайта сату үшін шығарылуының фактілері әшкереленді. Министрліктің бұл шешімі жергілікті көмір тиеу тұйықтары мен өңір әкімдіктерімен бірлесіп әзірленген", – делінген министрліктің түсініктемесінде.

Былтырғыдай, биыл да мақсат өзгеріссіз қалды: алдағы жылу беру маусымы кезеңінде алға қойған міндеттерді орындау және елде көмір тапшылығын болдырмау қажет.

Жалпы алғанда, Қазақстан көмір өндірісін соңғы жылдары арттыруда. 2022 жыл қорытындысында елде 113,9 млн тонна көмір өндірілді. Бұл 2021 жылғыдан 1,9% көп. Экспорттаушылар жарты жылдан соң тыйым жойылса, нағыз қысқы сұраныс артқан кезде өнімді жаһандық нарыққа өткізу көлемін арттырып, кеткен есесін қайтаруға тырысады.

Ал алдағы форумда талқыланатын күрделі проблемалар жетерлік. Мысалы, Қазақстан Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен декарбонизация шараларын қолға алды. Президент халықаралық қауымдастыққа 2060 жылға қарай Қазақстанды көміртек бейтараптығына жеткізуге уәде беріп, міндеттеме қабылдады. 2023 жылғы ақпанда Тоқаев Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясына қол қойды.

Сарапшылардың байламынша, бұл көптеген көмір шахталарының жабылуына соқтырады. Мысалы, Павлодар облысында көмір өндіретін "Богатырь Көмір" компаниясы "көміртек бейтараптылығына қол жеткізу стратегиясы өз бизнесіне қатер төндіретінін" ашық мәлімдеді. Себебі, оған және саладағы басқа кәсіпорындарға көмір өндірісі көлемін күрт азайтуға тура келеді. Бұл табыс пен инвестициялардың құлдырауына соқтырады. Салдарынан жұмысшыларды қысқартуға тура келуі ықтимал.

Әрине, көмір өндірушілер өз өнімін терең өңдеумен, одан жартылай кокс алумен айналыса алар еді. Бұл өнім ферроқорытпаларды және таза кремнийді балқыту кезінде "көміртекті қалпына келтіруші" ретінде қолданылады. Бірақ "Богатырь Көмір" ЖШС басшылығының мәліметінше, бұған қажетті технология жоқ. Өйткені Екібастұздың күлі көп қоңыр көмірі дәстүрлі түрде тек жылыту үшін ғана пайдаланылады. Кішкентай ғана Қазақстан "үлкендерге" ұнаймын деп, өз бизнесін өлтіріп тынбаса, игі. Әйтпесе, энергетика саласында алпауыттарға толық тәуелді болып қалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу