Нұрдаулет Жұмағали Сингапурда өтіп жатқан паражүзуден әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол SB12 санатында 100 метр қашықтыққа брасс әдісімен жүзіп, 1:06.64 нәтижесін көрсетті. Бұл көрсеткіш оған екінші орын алуға мүмкіндік берді. Жеңімпаз ресейлік Тимофей Гук – 1:06.51, ал үшінші орын украиналық Алексей Фединаға бұйырды – 1:06.99.
Паражүзуден әлем чемпионаты 2025 жылғы 21-27 қыркүйек аралығында Сингапурдағы OCBC Aquatic Centre спорт кешенінде өтуде. Бұл – Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған әлем чемпионаты. Жарысқа 75 елден 600-ге жуық спортшы қатысуда.
Нұрдаулет Жұмағали 1999 жылғы 28 қаңтарда дүниеге келген. Ол Токио-2020 Паралимпиадасының қола жүлдегері (100 метр брасс, SB13). Сонымен қатар, ол әлем чемпионаттарында екі рет күміс медаль иегері атанған: 2022 жылы Мадейрада және 2023 жылы Манчестерде. Осылайша, Сингапурдағы жүлде Нұрдаулет үшін әлем чемпионаттарындағы үшінші күміс медаль болды.