Қазақстандық шабандоз Италияда өткен веложарыста жүлделі болды

1221

4-8 маусым аралығында өткен Адриатика-Ионика веложарысында Филиппо Зана (Италия) жеңіске жетті.  

Қазақстандық шабандоз Италияда өткен веложарыста жүлделі болды

Екінші жыл қатарынан Вадим Пронский италиялық Адриатика-Ионика веложарысының жалпы есебінің қорытындысы бойынша жеңіс тұғырына көтерілді. Қазақстандық шабандоз Монте-Граппа шыңында аяқталған екінші таулы кезеңде мәре сызығын үшінші болып кесті. Нәтижесінде, көпкүндіктің жалпы есебі бойынша жүлделі орынға ие болды.

Соңғы үш кезеңде Astana Qazaqstan Team командасының қолдауымен Пронский шабуылын жалғастырып, бас классификациядағы жағдайды өзгертуге тырысты. Бірақ фавориттердің ешқайсысы басымдылыққа ие бола алмады. Сөйтіп жалпы есеп өзгеріссіз қалды. Италиялық Филиппо Зана жарыс жеңімпазы атанды. Натнаэль Тесфатсион екінші, Вадим Пронский үшінші нәтиже көрсетті.

"Шынымды айтсам, Адриатика-Ионикада көрсеткен нәтижеме ризамын. Джиродан кейін біраз шаршадым. Бірақ күн өткен сайын өзімді жақсырақ сезіндім. Осылайша, патшалық таулы кезеңде үшінші орынға ие болдым. Содан кейін мен әр кезеңде шабуылдауға тырыстым. Үшінші кезең де қиынға соқты. Қысқа әрі тік асулар көп болды. Сондықтан мен бірнеше мәрте шабуыл жасадым. Бірақ нәтиже болмады. Ал кеше менде шабуылға шығу мүмкіндігі болды. Содан кейін техникалық тұрғыдан аса қиын жарыс жолында алға озуға тырыстым. Нәтижесінде, қарсыластар мәре сызығына небәрі 100 метр қалғанда мені қуып жетті. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Команда мен үшін үлкен жұмыс атқарды. Жігіттердің бәріне алғыс айтамын. Енді екі жарым айлық тынымсыз еңбек пен жарыстан кейін демалыстың уақыты келді. Маусымның бұл бөлігі қиын болғанымен, тамаша өтті", – деді Вадим Пронский.

Astana Qazaqstan Team жарыстың соңғы екі кезеңінде де белсенділік танытып, көшбасшы топ ішінен жеңіс үшін күресуге тырысты. Сонымен кеше қазақстандық команда сапынан Антонио Нибали де кезеңді жақсы өткізіп, мәреге алтыншы, Мануэле Боаро төртінші болып келді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу