Александрия қаласында (АҚШ, Вирджиния штаты) өткен 2025 жылғы мектеп командалары арасындағы шахматтан Әлем чемпионатында РФММ (Алматы) құрамасы күміс жүлдеге ие болды.
Жеке есепте де оқушылар жарқын өнер көрсетті: Иманғали Ақылбай алтын медаль жеңіп алса, Эдгар Мамедов пен Зарина Нұрғалиева қола медаль иегерлері атанды.
2025 жылғы мектеп командалары арасындағы әлем чемпионы атағын Velammal MHS School (Ченнай, Үндістан) жеңіп алды. Олар 14 командалық ұпай жинады, бұл нәтижеге ешбір қарсылас жете алмады.
Айта кетейік, турнирге 286 жас шахматшы, яғни 48 елден келген 55 команда қатысты. Турнир Александрия қаласындағы (Вирджиния штаты) Episcopal High School кампусында өтті. Бұл оқу орны АҚШ-тың астанасы Вашингтонмен шекаралас орналасқан.
Жарысқа еліміздің Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан жалпы саны 6 команда қатысты.