50+ жас санатындағы Қазақстан құрамасы бұл жарыста қола медаль жеңіп алды. Алтын жүлдені АҚШ иеленсе, Италия құрамасы күміс медальға қол жеткізді.
Ұлттық құрама сапында жарысқа гроссмейстерлер Міртас Қажығалиев, Павел Коцур және Серікбай Темірбаев, халықаралық шеберлер Ерлан Тікжанов пен Валерий Мин қатысты. Команда капитаны гроссмейстер Пётр Костенко болды.
Финалдық турда қазақстандықтар Англия-1 құрамасымен тең түсіп, турнирде үшінші орынды қамтамасыз етті. 50+ жас санатындағы соңғы турдың алдында 13 командалық ұпай жинаған Қазақстан, АҚШ және Италия командалары көш бастады, сондай-ақ Германия ("Конфлуэнция") және Венгрия құрамасы да алтын медаль алуға үміткер болды.
Қазақстандық шахматшылар Англия-1 командасына қарсы ойнаған негізгі тур тартысты өтті.
Чемпионатқа Қазақстанның үш құрамасы: екеуі 50+ жас санатында және бір команда 65+ санатында қатысты.
Қазақстанның әйелдер құрамасы 50+ жас санатында төртінші орынға ие болды. Олар шешуші турда 1,5-2,5 есебімен Оңтүстік Лимбург (Нидерланд) командасынан жеңіліп қалды.
50 жастан асқан шахматшылар арасындағы командалық әлем чемпионаты алғаш рет 2004 жылы Мэн аралында өтті. 2014 жылдан бастап ол тұрақты түрде өткізіледі. 2025 жылы турнирге 28 елдің 108 командасы, соның ішінде 49 гроссмейстер және 57 халықаралық шебер қатысты.
Сонымен қатар Павел Коцур (екінші тақта) алтын медаль, Серікбай Темірбаев (үшінші тақта) – күміс және Мұртас Қажығалиев (бірінші тақта) қола медаль алды.