Норвегияның Тронхейм қаласында шаңғы спортынан әлем чемпионаты басталды және турнирдің алғашқы күні әйелдер арасында 1,4 шақырым қашықтыққа еркін спринт жарысы өтті.
Бұл жарысқа Қазақстан атынан төрт спортшы – Дарья Ряжко, Надежда Степашкина, Ангелина Шурыга және Ксения Шалыгина қатысты.
Қазақстандық шаңғышылар медальдар үшін күресін жалғастыратын үздік 30 спортшының қатарына кіре алмады.
Шаңғышыларымыздан Дарья Ряжко іріктеудің көшбасшысы швециялық Йонна Сундлингтен 21,7 секундқа ұтылып, 45-орынға тұрақтады. Надежда Степашкина 48-ші, Ангелина Шурыга 58-ші, ал Ксения Шалыгина 66-шы болып мәреге жетті.
Осылайша, бағдарламаның бұл түрінде қазақстандық спортшылар әлем чемпионатының жүлделері үшін жарысты жалғастыра алмайды.