Жыл да мәресіне жетіп келеді. Бұл аламан бәсекелерде тер төккен спортшылардың еңбегіне баға беріп, олардың бір жылдық нәтижесін саралайтын сәт. Жеңіс пен жеңіліс, жаңа рекордтар мен тарихи табыстарға толы бұл маусым отандық спорттың қаншалықты алға басқанын айқын көрсетті. Енді сол жетістіктерге көз жүгіртіп, ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың жыл бойғы көрсеткіштерін тарқататын кез келді.
2025 жылы қазақстандық спортшылар жазғы олимпиадалық спорт түрлерінен өткен әлем чемпионаттарында бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Ұлттық құрама өкілдері спорттың 8 түрінен 32 медаль жеңіп алып, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Жыл қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынында 14 алтын, 5 күміс және 13 қола жүлде бар. Медальдар бокс, дзюдо, семсерлесу, грек-рим және еркін күрес, таеквондо, садақ ату мен нысана көздеу спортынан келді. Бұған дейінгі рекорд 2023 жылы тіркеліп, ол кезде отандастарымыз 22 медальмен (7 алтын) шектелген еді. Осылайша, екі жыл ішінде жалпы жүлде саны 10-ға өсіп, алтын медальдар саны екі есеге артты.
Азия елдері арасындағы жалпыкомандалық есепте Қазақстан 4-орынға тұрақтап, 11 әлем чемпионатында 14 алтын медаль жеңіп алды. Бұл көрсеткіш еліміздің құрлықтағы көшбасшы спорт державаларының біріне айналғанын айғақтайды.
Сарапшылар бұл табысты ұлттық құрамалардың жүйелі дамуы мен негізгі олимпиадалық спорт түрлеріндегі тұрақтылықтың нәтижесі деп бағалайды. Аталған жетістік 2026 жылы Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарында да спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетеді деген үміт ұялатады.