Қазақстандық спортшылар әлем чемпионатында өнер көрсетті

1535

Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев қазіргі таңда Мәскеуде жаттығады.

Қазақстандық спортшылар әлем чемпионатында өнер көрсетті

Францияның Монпелье қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан атынан мәнерлеп сырғанаушы жұп өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиев 31-нәтиже көрсетті. Чемпионатқа аталған спортшылардан бөлек Ресейде жаттығып жүрген тағы бір қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров баруы керек еді. Бірақ спортшы виза ала алмағандықтан, еліміздің атынан тек Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қана қатысты.

"Біз үздіктермен бір айдынға шығып, басты мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Топ-20 қатарына кіре алмадық. Бірақ келесі маусымда жаңа деңгейге көтерілеміз деген сенімдемін. Мұнда біз 31-нәтиже көрсеттік. Бұл тек бастамасы бізді әлем көрді, таныды. Ең бастысы осы", – деп пікір білдірді Гауһар Наурызова Baige.News.kz-ке берген сұхбатында.

Мұз үстінде ырғақты биде жаңа әлемдік рекордты жаңартқан айдын иелері Габриэла Пападакис пен Гийом Сизерон алтын жүлдені жеңіп алды.

Гауһар Наурызова серіктесі Бойсангур Датиевпен бірге қаржылай қолдау көрсететін демеушілер іздеп жүргенін айтты. Егер демеуші болса, олар шетелде жаттығуды бастай алады.

"Монпельеге жету үшін бізге 20 сағаттан астам уақыт кетті және бір бағытқа билет алу үшін 300 мың рубль (1 млн 497 мың теңге) қажет болды. Ресейге қайта аламыз ба, білмейміз. Ең дұрысы – Қазақстанның атынан шығып, шетелде жаттығуды бастау. Бірақ бұл қаржылық қолдауды қажет етеді. Біз 2022 жылдың маусым айында басталатын келесі Олимпиадалық циклге демеушілер іздейміз. Мақсатымыз – 2026 жылы Италияда өтетін Олимпиада үздік ондық қатарынан табылу. Бұл мақсатқа жету үшін жақсы дайындық және қаржылық қолдау қажет. Бұған дейін бізге демеушілер болу үшін нәтиже көрсетіңіз деп айтқан болатын. Менің ойымша, Қазақстан атынан соңғы алты жылда алғаш рет Әлем чемпионатына баруымыз қазірдің өзінде жақсы нәтиже сияқты", деп қоса кетті Гауһар Наурызова.

Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев 2016 жылдан бері жұп болып өнер көрсетеді. Сол уақыттан бері олар үш рет Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ бір ай бұрын Венгрияда өткен халықаралық Jegvirag Cup турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізген болатын. Қазақстандық жұпты тек венгриялықтар Мария Игнатьева мен Даниил Семко ғана айналып өте алды.

Спортшылар Мәскеуде жаттығады. Алғашында олардың бапкері атақты Александр Жулин болды. Ол жаттықтырған Синицина – Кацалапов Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Қазіргі таңда қазақстандық спортшылармен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (1998), екі дүркін әлем чемпионы, Еуропа чемпионы Анжелика Крылова жұмыс істейді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу