Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатында жүлделі болды

1544

Ұлан-Батырда грек-рим күресінен Азия чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні бірден бес қазақстандық спортшы құрлық біріншілігінде жүлделі орындарға ие болды.

Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатында жүлделі болды

Аманғали Бекболатов бірінші болып Қазақстан құрамасының қоржынын күміс медальмен толықтырды. 55 келі салмақта финалдық белдесуде жекпе-жек бастала салысымен көш бастап келе жатқан Азияның қазіргі чемпионы Аманғали Бекболатов жапониялық Юи Шиотаниге есе жіберді – 2:13.

Ал Мейрамбек Айнағұлов жарыстың бірінші күнінде ел қоржынын екінші жүлдемен толықтырып, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Шешуші белдесуде Мейрамбек Айнағұлов Қырғызстан балуаны Тынар Шаршенбековтен 0:5 есебімен жеңіліп қалды.

Грек-рим күресінен қазақстандық балуан Мақсат Ережепов Улан-Батырда (Моңғолия) өтіп жатқан Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Турнирдің финалында 77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ережепов қырғыз спортшысы Ақжол Махмудовқа есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы үшін бұл 71 келі салмақта 2014 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Азия чемпионатынан кейінгі мансабындағы екінші күміс медаль болды. 2017 жылы Нью-Делиде Ережепов құрлық чемпионы атанған болатын.

Ал Нұрсұлтан Тұрсынов Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. 87 келіге дейінгі салмақта үшінші орын үшін өткен белдесуде қазақстандық спортшы қырғыз балуаны Мелис Айтбековты 7:2 есебімен жеңді. 2014 жылы Нұр-Сұлтанда Тұрсынов 85 келі салмақ дәрежесінде құрлық чемпионы атанған еді.

Ұлан-Батырда өтіп жатқан құрлық біріншілігінде грек-рим күресінің балуаны Әлімхан Сыздықов Азия чемпионы атанды. 130 келі салмақта финалдық белдесуде қазақ балуаны корей спортшысы Ким Мин Сокты жеңді. Қазақстан құрамасы үшін бұл турнирдегі бірінші алтын медаль болды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу