Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада ойындарындағы өнерін аяқтады

108

Бүгін қысқы Олимпиада ойындарының жабылу салтанаты Арена ди Верона амфитеатрында 23:45-те  басталады. 

Қазақстандық спортшылар қысқы Олимпиада ойындарындағы өнерін аяқтады Фото: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Миланда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында шаңғы жарысынан соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан құрамасы өз жарыстарын қорытындылады. Әйелдер арасында классикалық стильмен өткен 50 шақырымдық масс-стартта ел намысын Надежда Степашкина мен Анна Мельник қорғады.

Ұзақ қашықтықтағы бәсекеде Надежда Степашкина мәре сызығын 2 сағат 40 минут 22.6 секунд нәтижемен кесіп өтіп, 31-орынға тұрақтады. Анна Мельник 39,4 шақырымнан кейін жарысты аяқтады.

Бұл сында жүлделі орындар Солтүстік Еуропа шаңғышыларының еншісінде кетті. Эбба Андерссон (Швеция) Олимпиада чемпионы атанды. Күміс жүлдені Хейди Венг (Норвегия) иеленсе, қола медаль Надя Келин (Швейцария) қоржынына түсті. Бұл нәтижелер Скандинавия елдерінің шаңғы спортындағы дәстүрлі үстемдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Дегенмен, қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінен жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ел қоржынына түскен басты жетістік - мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанып, алтын медаль иеленді.

Сондай-ақ өзге де отандастарымыз жүлдеге бір табан жақын нәтиже көрсетті. Конькимен жүгіруден 3000 метр қашықтықта Надежда Морозова 6-орын алды. Шорт-тректен 500 метрде Денис Никиша 7-сатыға тұрақтаса, коньки спортының 1500 метрінде Елизавета Голубева 7-орынға ие болды. Ол 3000 метр қашықтықта да бақ сынап, жарысты 10-орынмен аяқтады.

Фристайлдан Анастасия Городко 8-орын көрсетсе, шаңғымен трамплиннен секіруден Илья Мизерных те 8-нәтижеге қол жеткізді. Конькимен 500 метр қашықтықта Евгений Кошкин 9-орын иеленді. Фристайл-могулдан Павел Колмаков жарысты 9-орында аяқтады.

Ал мәнерлеп сырғанаудан Софья Самоделкина 10-орынға тұрақтады.

Осылайша, Қазақстан спортшылары Олимпиада-2026 ойындарында бір алтын медаль жеңіп алып, бірқатар дисциплинада үздік ондыққа еніп, ел намысын абыроймен қорғады.

Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы 1 алтын медальмен жалпыкомандалық есепте ТОП-20 қатарына еніп, 19-орында тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу