Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында көк туымыз желбіреді

606

6 ақпаннан 7 ақпанға қараған түні Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылуында көк туымыз желбіреді Фото: ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті

Ашылу рәсімінің негізгі алаңы – Милан қаласындағы әйгілі "Сан-Сиро" стадионы болды. Сонымен қатар, іс-шара Кортина-д’Ампеццо, Ливиньо және Предаццо қалаларында қатар қамтылып, бұл қысқы Олимпиада тарихындағы ең ауқымды, кең форматтағы ашылулардың біріне айналды.

Салтанатты шара "Armonia" тақырыбымен өтті. Бұл идея қала мен тау кеңістігінің, түрлі мәдениеттер мен дәуірлердің, Италияға тән және әлемдік көркемдік дәстүрлердің үйлесімін бейнелейді.

Көркем бағдарлама "Bellezza" нөмірімен ашылды. "Ла Скала" театры академиясының шамамен 70 бишісі сахнада мүсіндер бейнесінде өнер көрсетті. Қойылым әйгілі мүсінші Антонио Канованың шығармаларынан шабыт алған ауқымды барельефтің қалыптасуымен аяқталды.

Бағдарлама "Fantasia" көрінісімен жалғасты. Бұл сахналық қойылым италиялық қиял мен шығармашылық еркіндіктің символына айналды. 240-тан астам әртістің қатысуымен өткен көріністе хореография мен визуалды шешімдер Италия мәдениетінің сан қырын динамикалық композиция арқылы көрсетті.

Спортшылар шеруі салтанатты рәсімнің басты элементтерінің бірі болды. Шеру ерекше форматта өтті: ұлттық құрамалар Милан, Ливиньо, Предаццо және Кортина-д’Ампеццо қалаларында белгіленген тәртіппен алаңға шықты. Қазақстан құрамасының туын Миланда Денис Никиша, ал Ливиньода Аяулым Әмренова алып шықты. Сондай-ақ, қазақстандық спортшылар Предаццода өткен шеруге де қатысты.

Салтанатты рәсім барысында 2025 жылы өмірден өткен әлемге әйгілі дизайнер Джорджио Арманиды еске алды. Оның Emporio Armani бренді ұзақ жылдар бойы Италияның Олимпиада және Паралимпиада құрамаларына спорттық форма әзірлеп келген. Ресми бөлімде Италия Президенті Серджо Маттарелла, Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Кирсти Ковентри және Қысқы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетінің басшысы Джованни Малаго сөз сөйледі.

Шара барысында Олимпиадалық ант қабылданып, салтанатты рәсімнің шарықтау шегі ретінде қала мен таулы аймақта бір мезетте жағылған олимпиадалық алаулар болды.

Миланда Олимпиада алауын атақты тау шаңғысы шеберлері, Олимпиада чемпиондары Дебора Компаньони мен Альберто Томба жақты. Ал Кортина-д’Ампеццода бұл құрмет Олимпиада чемпионы София Годжаға бұйырды. Осылайша Альпі баурайында Ақ Олимпиада ресми түрде басталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу