Ел құрамасы 5000 метр қашықтықтағы эстафеталық жарыста Дінмұхамедалдияр Тәжібай, Санжар Жанысов, Айбек Темірхан және Валерий Клименкодан құралған төрттігі үшінші орынға ие болды.
Бұл XXXII қысқы Универсиадада Қазақстан құрамасы жеңіп алған 14-ші медаль.
Қазіргі таңда спортшыларымыз 3 алтын, 4 күміс және 7 қола медальға қол жеткізді. Қазақстан құрамасының қоржынында Анастасия Городко (фристайл, параллель могул) екі рет жеңіс тұғырынан көрінді, ал Никита Акимов (биатлон) бір алтын медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар Аяулым Әмренова (параллель могул), Антон Бондарев (параллель могул) бір-бірден, ал Денис Зинов (парашаңғы жарысы) екі мәрте күміс жүлдеге ие болды.
Қола медальға қол жеткізген спортшылар қатарында Роман Құрбанов (парашаңғы жарысы) екі рет үздік үштіктен көрінді. Сондай-ақ Софья Самоделкина (мәнерлеп сырғанау), Арина Крюкова (биатлон), Кирилл Бауэр (биатлон), және шорт-трек аралас эстафетасынан Қазақстан құрамасы қола медальмен марапатталды.