Үндістанның Ахмедабад қаласында жүзуден 11-ші Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күнінде Қазақстан құрамасы екі эстафетаға қатысты.
Ерлер арасындағы 4×100 метр еркін жүзу эстафетасында еліміздің намысын Әділбек Мусин, Глеб Коваленя, Ғалымжан Балабек пен Даниил Черепанов қорғады. Біздің спортшылар 3:22.10 нәтижесімен төртінші орынға табан тіреді.
Сондай-ақ, құрама аралас 4×100 метрлік эстафетаға да қатысты. Бұл сында Айбат Мырзамұратов, Софья Сподаренко, Максим Сказобцов және София Әбубәкірова төртінші орынға тұрақтап, 3:56.46 уақыт көрсетті.
Жалпы турнир қорытындысы бойынша Қазақстанның жүзу құрамасы 10 медаль еншіледі.
Алтын жүлдені ел қоржынына Әділбек Мусин (50 метр баттерфляй) салды.
Күміс жүлдегерлер:
- Максим Сказобцов (100 метр баттерфляй),
- София Әбубәкірова (50 метр арқамен жүзу),
- Глеб Коваленя (50 метр еркін жүзу),
- Айбат Мырзамұратов (50 метр брасс),
- София Әбубәкірова (50 метр баттерфляй).
Қола жүлде иегерлері:
- Софья Сподаренко (100 метр баттерфляй),
- Максим Сказобцов (50 метр баттерфляй),
- Софья Сподаренко (50 метр баттерфляй),
- Қазақстанның аралас командасы (эстафета 4х100 метр еркін жүзу).
Су спорты түрлерінен 28 қыркүйекте басталған Азия чемпионаты 10 қазанға дейін жалғасады. Алда ұлттық құрамаларымыз су добынан және көркем жүзуден сынға түседі.