Ерлер арасындағы 50 метр баттерфляй жарысында ұлттық құрама көшбасшысы Әділбек Мусин 23.85 секунд нәтижемен алтын медаль иегері атанды. Ал дәл осы қашықтықта Максим Сказобцов 23.87 секунд нәтижемен күміс жүлдені жеңіп алды.
Қыздар арасында да Қазақстан туы биік желбіреді. Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 26.99 секундта мәреге бірінші болып жетіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. Күміс медаль мысырлық Фарида Османға (27.04), қола жүлде сенегалдық Оуми Диопқа (27.31) бұйырды.
Сонымен қатар, Айбат Мырзамұратов 200 метрге кешенді жүзуде қола медаль иеленді (2.05.07), сондай-ақ 100 метрге брасс әдісімен жүзуде тағы бір қола жүлдені қанжығасына байлады.
Осылайша, жарыстың қазіргі қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының еншісінде:
- 2 алтын,
- 4 күміс,
- 4 қола медаль бар.
Эр-Риядтағы Ислам ынтымақтастығы ойындарында Қазақстанның намысын 100-ден астам спортшы қорғауда. Ел құрамасы жарыстың алғашқы күндерінен бастап тұрақты түрде жүлде қорын толықтырып келеді.