Қазақстандық тележурналист Голливуд режиссерлеріне теңдесіз ұсыныс жасады

25709

Atameken Business телеарнасының Travel kz бағдарламасы еліміздің әсем жерлерін халыққа таныстыруда. 

Қазақстандық тележурналист Голливуд режиссерлеріне теңдесіз ұсыныс жасады

Қазақстан азаматтары соңғы жылдары демалыстарын ел ішінде өткізуге көңіл бөлуде. Оған бір жағынан шетел валютасының қымбаттауы себеп болса, екінші жағынан отандық демалыс орындарының көптеп ашылуы да әсер етсе керек. Тағы бір себеп, кең байтақ қазақ жерінің табиғатының сұлулығы әлемдік танымал туризм ошақтарынан кем түспейтіндігін халық біле бастады. Куршевельдер мен Балилерден жалыққан шетелдік кәнігі туристер де Қазақстанды тың бағыт ретінде таңдауда.

Atameken Business телеарнасында Ернар Тайжанның авторлық Travel kz бағдарламасы еліміздің сұлу өлкелері мен таңғажайып табиғатын көрсетіп, сан түрлі демалыс орындарына жету жолдары жайлы мәліметтерді көрермен назарына ұсынады.

"Барған жерімізде ұнатқан қонақүйге жата салатын қалталы турист емеспіз, көп жағдайда өзімізбен бірге алған шатырымызды тігіп, табиғат аясында түнеп жүрдік. Таң самалымен оянып, тылсым табиғат құшағында кеудені кере дем алғанға не жетсін!? Өне-бойға күш-қуат қосылғанын сезінесіз. Әсіресе, тау басына шыққанда тамаққа тәбет те ашылады",– деп Travel kz бағдарламасының жүргізушісі Ернар Тайжан саяхатының алғашқы күндерін есіне алды.

"Бағдарламада табиғат сұлулығымен ғана шектеліп қойған жоқпыз, қалалар мен елдімекендердегі қонақүйлар, дәмханалар, демалыс-сауықтыру орындары мен суға шомылатын жерлерді де айырықша қамтыдық. Олардың жай-күйі, бағалары мен қызмет көрсету сапасы жайлы да көрерменді хабардар етеміз.Travel kz бағдарламасы қазақстандықтарға демалысын жоспарлауға септігін тигізер деп үміттенемін",– деп сөзін жалғады бағдарлама авторы.

Елордадан шыққан түсіруші топ алдымен шахтерлер қаласын аралап, Қарағандының балдай тәтті балмұздағынан дәм татады. Артынша, Балқашқа бет бұрған саяхатшылар Бектау ата шатқалына жолай кіруді жөн санаған екен. Ернар Тайжанның айтуынша, Бектау ата шатқалы фантастикалық фильм түсіруге тұрарлық жер.

"Бектау ата шатқалы Қарағандыдан өтіп, Балқашқа 60 шақырымдай қалғанда Балқаш көлінің солтүстік жағында орналасқан. Кезінде сол жерде жанартау болған деген сенім бар. Жолыңыз түсіп Бектау ата шатқалына барсаңыз, "Әулие ата" деп аталатын терең үңгірді көресіз. Іші сап-салқын. Үңгір түбіндегі тұщы судан шөліңізді қандыра аласыз. Бір өкініштісі, осындай киелі жерге жүрексіне қадам басып келгенде, алдыңыздан тастарға салынған шимай суреттер мен жазулар қарсы алады. Дегенмен де, шатқалдың әдемілігі сондай, әртүрлі бейнедегі тау-тастардың арасында өзіңізді басқа ғаламшарда, бөлек әлемде жүргендей сезінесіз. Таңғажайып алып тастар, жартастар, үйінділер адамды ерекше бір сезім құшағына бөлейді. Голливудтық режиссерлерге бұл жерде фантастикалық жанрдағы кино немесе клип түсіруге кеңес берер едім",– дейді Travel kz бағдарламасының жүргізушісі.

Travel kz бағдарламасын түсіруші топ туристік жерлерді көрсету үшін алғашқы бағытын оңтүстікке ұстады. Елордадан шыққан саяхатшылар Қарағанды, Бектау ата, Балқаш арқылы Сарышаған және Меркеге барып, Шымкент қаласына жетіп тоқтады.

Ал кейінгі бағыт – еліміздің батысы болмақ.

Youtube арнасынан көрем деушілерге:

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу