Қазақстандық теннисші Дубайда ATP турнирінің ширек финалына шықты

1642

Турнирдің жүлде қоры 2,9 миллион долларды құрайды. 

Қазақстандық теннисші Дубайда ATP турнирінің ширек финалына шықты

Андрей Голубев Дубайда өтіп жатқан ATP турнирінің жұптық сайысында ширек финалға шықты. Қазақстандық теннисші француз Фабрис Мартенмен бірге германиялықтар Кевин Кравиц - Андреас Мьес жұбын ұтты. Бір сағат он минутқа созылған кездесуде Голубев пен оның серіктесі екі сетте 6:2, 6:4 есебімен қарысластарын тізе бүктірді. Олар төрт қателік жасап, қатарынан алты ұпай жинады.

Айта кетейік, Катар астанасы Дохада өткен ATP турнирінде  Голубев Мартенмен бірге жартылай финалға дейін жеткен болатын.

Сонымен қатар еліміздің бірінші нөмірлі ракеткасы Александр Бублик те Дубайдағы ATP турниріне қатысты. Өкінішке орай ол бірінші кезеңнен әрі аса алмады. Қазақстандық теннисші польшалық Хуберт Гуркачтан екі сетте де, 3:6, 1:6 есебімен жеңіліп қалды. Ойын тура бір сағатқа созылды. Бублик сегіз рет қиыс кетіп, тағы да соншалық қосарланған қателікке жол берді. Сондай-ақ қатарынан бес ұпай жинады. Бұдан бөлек қазақстандық теннисші түркиялық әріптесі Алтуг Челикбилекпен осы турнирдің жұптық сайысында да Гуркачтан жеңілді. Қазіргі таңда Қазақстанның бірінші ракеткасы жекелей сында ATP рейтингінің 30-шы сатысында тұр.

Тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин бүгін Францияның По қаласында ерлер арасында өткен жекелей жарыстың келесі кезеңіне өтті. 1/8 финалға шығу үшін Кукушкин чехиялық теннисші Иржи Лехечканы екі сетте 6:0 және 6:2 жалпы есебімен сенімді түрде жеңді. Матч небәрі 53 минутқа созылды.

Ал Анна Данилина Катар астанасы Доха қаласында өтіп жатқан WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады. Анна бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Храдецка-Мирза жұбынан екі сетте де 5:7, 5:7 есебімен жеңіліп қалды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу