Ресейлік теннисші Александра Пановамен бірге Данилина Мириам Колодзиеева/Анжела Куликов дуэтін екі сетте 6:4, 6:2 есебімен жеңді. Кездесу бір сағат 14 минутқа созылды. Айта кетейік, қазақстандық теннисші қазір WTA (Әйелдер теннис қауымдастығы) әлемдік рейтингінде жұптық сын бойынша 25-орында тұр. Бұл отандық теннисшілер арасындағы үздік нәтиже.
Анна Данилина Гамбургтегі турнирде жеңіске жеткеннен кейін мәлімдеме жасады.
"Гамбургте жарыс аптасы өте тамаша өтті және WTA жұптық сайысы бойынша тағы бір титул еншіледім! Осы аптада менімен кортқа шыққан Александраға рахмет", - деп жазды қазақстандық теннисші әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ал елордада Президент кубогы өтуде. Қазақстандық 30 жастағы теннисші Денис Евсеев елордада турнирдің финалына жолдама алды. Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда рейтингте 357-орында тұрған 22 жастағы түркиялық Янки Эрельмен сынға түсті. Бірінші партияда Денис 3:1 есебімен алға кеткенімен, түркиялық спортшы таразы басын теңестірді. Дегенмен есеп 4:4 болған мезетте Евсеев тағы бір брейк жасап, сетті аяқтады – 6:4. Екінші сет барысында қазақстандық спортшы екі рет брейк жасап, есепті 5:2-ге жеткізді. Бірақ матчқа доп бергенде, нүкте қоя алмады. Тек екінші мүмкіндігін пайдалана алды – 6:4. Осылайша, қазақстандық спортшы Президент кубогы үшін додада екінші рет финалға жолдама алды.
Денис Евсеев бас жүлде үшін рейтингте 550-сатыдағы өзбекстандық Хумаюн Сұлтановпен кездеседі. Ол әлемнің 570-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді оңай ұтты – 6:3, 6:1.