Қазақстандық теннисші қыздар Чехиядағы турнирді жеңіспен бастады

1491

Турнирдің жүлде қоры 565,5 мың АҚШ долларын құрайды.

Қазақстандық теннисші қыздар Чехиядағы турнирді жеңіспен бастады

Острава қаласында өтіп жатқан Ostrava Open WTA 500 сериялы турнирінде жекелей сында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева екінші кезеңге, ал Анна Данилина жұптық сында ¼ финалға өтті.

Еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда ресейлік теннисші Вероника Кудерметованы 6: 1, 6: 3 есебімен ұтты. 1 сағат 14 минутқа созылған матчта Елена жеті брейк-пойнттың бесеуін орындады. Сондай-ақ бір қосарланған қателік жіберіп, алты эйс жасады. Екінші айналымда Рыбакина поляк теннисшісі Магда Линетпен кездеседі.

Айта кетейік, таяуда 22 жастағы Елена Рыбакина әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингісінің алғашқы 15-тігіне жақындап, жеке рекордын жаңартты және мансабында бірінші рет 16-орынға көтерілді (3068 ұпай). Бұл Қазақстан үшін жаңа рекорд.

Ал тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева қытайлық Чжан Шуайды 5: 7, 7: 6, 6: 4 есебімен жеңді. 3 сағат 25 минутқа созылған ойын кезінде Юлия жеті брейк-пойнтты сәтті орындап, бір қателік жасады және екі рет допты ойынға қосу барысында қиыс кетті. Екінші айналымда Юлия осы турнирдің бірінші ракеткасы поляк теннисшісі Ига Свентекпен ойнайды.

Анна Данилина Беларусь өкілі Лидия Морозовамен жұптасып ширек финалға өтті. Алғашқы кездесуде спортшылар ресейлік Натела Дзаламидзе мен Яна Сизикованы 3: 6, 7: 6, 6:10 есебімен екі сетте де ұтты. Турнирдің жартылай финалына шығу үшін Данилина мен Морозова Бектас/Мур және Мирза/Чжан Шуай кездесуінің жеңімпаздарымен сынға түседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу