Қазақстандық Аружан Сағындықова Анталия қаласында (Түркия) жүріп жатқан ITF World Tennis Tour W15 турнирінің ширек финалына өтті. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
17 жасар қазақстандық теннисші жекелей сында алғаш рет ересектер арасындағы жарыстың ширек финалына шығып отыр.
Аружан екінші айналымда швециялық Юлия Локвистті бет қаратпай ұтты – 6:3, 6:1. Аружан Сағындықова жартылай финалға шығу үшін ертең сербиялық Наталия Сенич немесе жапониялық Кохару Ниимидің біреуімен таласады.
Тағы бір қазақстандық Жанель Рүстемова екінші айналымда жарыстың 5-ракеткасы, ресейлік Анна Урекемен кездесті. Бірінші партияда ресейлік спортшы басымдылық танытты – 7:5. Екіншісінде Жанель есе қайырды – 6:4. Шешуші, үшінші сетте қазақстандық теннисші 0:4 есебімен ұтылып жатып, қатарынан үш гейм алды. Алайда, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.
Дегенмен Рүстемова жұптық сында жарысты жалғастырады. Ол Сандуғаш Кенжебаевамен бірге ширек финалда тунистік Әл Зейнеб – ресейлік Мария Сысоевамен шеберлік байқасады.
Сонымен қатар Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Анна Данилина АҚШ-тың Форт-Уорт қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирін сәтті бастады. Қазақстандық теннисші бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге Пэм Шрайвер тобында бастапқы кездесуін Габриэла Дабровски (Канада) - Джулиана Ольмос (Мексика) жұбымен өткізді.
Бірінші партияда Анна мен Беатрис 7:5 есебімен басым түсті. Қазақстандық-бразилиялық жұп екінші сетте бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Қазақстандық-бразилиялық жұп аталмыш топта сондай-ақ Людмила Киченок (Украина) - Елена Остапенко (Латвия) және Элизе Мертенс (Бельгия) - Вероника Кудерметовамен (Ресей) сынға түседі. Кездесу елорда уақытымен ертең таңертең 7:15-те басталады. Әр топтан екі үздік жұп плей-офф кезеңіне жолдама алады.