Қазақстандық теннисші Өзбекстанның бірінші ракеткасын жеңді

1003

Денис Евсеев ширек финалда германиялық Оскар Оттемен кездеседі.

Қазақстандық теннисші Өзбекстанның бірінші ракеткасын жеңді

Дүниежүзілік рейтингте 406-орында тұрған Денис Евсеев екінші айналымда әлемнің 224-ракеткасы, өзбекстандық Денис Истоминмен күш сынасты. Бірінші партияда өзбекстандық теннисші 3:0 есебімен алға кеткенімен, Евсеев оны қуып жетіп қана қоймай, кезеңді 7:5 есебімен сәтті аяқтады.

Екінші сетте де брейк жасаған Евсеев 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта Евсеев 14 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 1 брейкпен шектелді. Д. Евсеев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 138-інші, осы жарыстың 3-ракеткасы, германиялық Оскар Оттемен таласады.

Сонымен қатар, жүлде қоры 15 мың АҚШ долларын құрайтын Қазанда өтіп жатқан ITF сериялы турнирінде қазақстандық Григорий Ломакин де бірінші сетте Беларусь Александр Жировскийден басым түсті. Қазақстандық қатарынан алты геймде қарсыласынан басым түсті. Оған қоса қарсыласының үш ұпайын алды. 0:3 есебімен басталған бірінші кезеңде Ломакин есепті 6:3-ке дейін жеткізіп, жеңіске жетті. Бірақ ол кейінгі екі кезеңде жеңіске жете алмады.

Екінші сетте қарсыластар допты ойынға қосу барысында бір-бір ұпайдан иеленді. Содан соң Жировский екі брейк-пойнт жасап, үш ұпаймен алға шықты. Допты ойынға қосу барысында тағы бір ұпай еншілеп, есеп айырмашылығын 6:2-ге дейін жеткізді.

Шешуші үшінші сетте қарсыластар басынан бастап сегізінші геймге дейін тең болды. Содан кейін Жировский қатарынан екі гейм алды – 6:4. Осылайша Ломакин Қазандағы турнирден шығып қалды.

Өкінішке орай, тағы бір қазақстандық Достанбек Ташбулатов та дәл осы турнирде жекелей сында корт қожайыны Марат Шариповтен екі сетте 3:6, 2:6 есебімен ұтылып, жарысты аяқтады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу